Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев екінші "Орталық Азия – Ресей" саммитіне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саммитте Мемлекет басшысы тіл турасында пікір білдірді.
"Бұл орайда елдерімізді біріктіретін, жалпы ортақ құндылығымыз саналатын орыс тілінің орны ерекше. Бірлескен күш-жігердің арқасында Халықаралық орыс тілі ұйымын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасқан. Ел алдында сөйлеген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңызды екенін айтып жүрмін. Бірақ бұл талап қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарға кедергі келтірмейді. Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айтқанда, Қазақстандағы жағдай осындай. Еліміздің әр азаматы өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы. Бұл – "Бірлігіміз – әралуандықта" деп аталатын ұлттық саясатымыздың өзегі", – деді Мемлекет басшысы.