АҚШ-та генетикалық тұрғыда өзгертілген шошқа бүйрегі адам ағзасында рекордтық мерзім – 271 күн жұмыс істеді. Бұл тірі пациентке трансплантацияланған жануар мүшесінің ең ұзақ қызмет ету көрсеткіші болып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
66 жастағы америкалық Тим Эндрюске операция 2025 жылдың қаңтарында жасалған. Соның арқасында ол тоғыз ай бойы гемодиализсіз өмір сүре алды.
Алайда 271 күн өткен соң трансплантацияланған бүйрек жұмысын тоқтатып, дәрігерлер оны алып тастаған. Кейін науқасқа адам донорынан алынған бүйрек сәтті түрде салынды.
Операция кезінде юкатан тұқымды шошқаның бүйрегі пайдаланылған. Ғалымдар оның геномына 69 арнайы өзгеріс енгізген.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер:
ағзаның мүшені кері қағып тастау қаупін азайтуға;
жануарлардан адамға вирустардың берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Медицина мамандары бұл жетістікті ксенотрансплантация саласындағы маңызды қадам деп бағалап отыр. Ғалымдардың пікірінше, болашақта мұндай технология донорлық ағзалар тапшылығы мәселесін шешуге көмектесуі мүмкін.