Солтүстік Қазақстанда қазақ неге аз білесіз бе? Мұның себебі ашаршылықта жатыр.
1897 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті ұлттың үлес салмағы 70-80 пайыз болғанын біреу білсе, біреу білмес...
Аштық зобалаңы күтпеген жерден, аяқ астынан басталған жоқ. Қазақстанда «Кіші октябрь» лаңымен «атағы» шыққан Голощекиннің асыра сілтеу саясатының салдарынан республика халқы 1930 жылғы 5,9 миллионнан 2,5 миллион адамға азайды.
Голощекин өз саясатын бүркемелеу үшін: «бұрын өз ауылынан ешқайда ұзап шығып көрмеген қазақ өзінің көшіп қонатын өрісінен басқа жолды білмеуші еді, ал қазір олар Қазақстанның бір ауданынан екінші ауданына оп-оңай көшіп бара алады» деп Мәскеуге, Сталинге қуанышты рапорттар жөнелтіп жатса, бар тіршілік көзі – малынан айырылған қазақ өз жерінде аштықтан қырылып жатты.
Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің Голощекиннің атына жіберген ақпаратынан: «1932 жылдың 17 сәуіріндегі мәлімет бойынша, облыс бойынша 246 адам аштықтан өлді, 133 адам аштықтан әбден әлсіреп, ісіп-кеуіп кетті».
Булаев ауданынан: «Аштықтың салдарынан колхозшылар өліп жатыр».
«Слет добровольцев» колхозынан: «Колхозшылар өлексемен тамақтанады, өлген жылқыларды қазып алып, тамаққа пайдаланады».
Төңкеріс ауданынан: «Аштықтың салдарынан 23 адам өлді, 29 адам әл үстінде жатыр». Қаралы цифлар осылай кете береді.
1932 жылы мамыр айында Сырымбет ауылына арнайы комиссия келеді. «Өте құпия» деп белгі соғылған анықтамаға мынадай сөздер жазылған: «Адамдар аштықтан» әбден әлсіреген. Жейтін ешнәрсе қалмаған. Қу сүйекті суға қайнатып, талғажау қылады. Әбден ақжемделіп қалған теріні талшық етеді. Ит етін жеген отбасылар анықталды. Ондай үйлердің жанында сүйек тау болып үйілген.
Шоқы ауылында 144 отбасы болса, қазір қалғаны – 60 қана. Тамақ іздеп, жан-жаққа қаңғып кеткен. Мұнда қалғандары мысық, ит, қарға, сауысқан, тышқан етімен күн көріп жүр...».
Қазақ халқының сан ғасырлық көшпенді өмірімен есептеспеген Голощекин: «Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту қажет. Байға қарсы тап күресінде кедейлерге күресу керек. Ал мұның өзі азамат соғысына алып барса, біз оны да құп аламыз», – деп жар салды.
Аштықтың соңы түрлі ауруларға ұласты. Адамдар аштықтан бір қырылса, аурудан екі қырылды.
Тек 1932 жылы Солтүстік Қазақстанда 16 мың адам сүзек, 17 мың адам құрқұлақ ауруынан өлді.
Ашаршылықтың нағыз шығандап жеткен шырқау шегі – ашынған адамдар топтасып, қолдарына қару алып, атқа қонып, Кеңес өкіметіне қарсы қарулы қақтығысқа баруы.
Тек 1930 жылдың қаңтар, наурыз айларында 2000-ға тарта қарулы қақтығыс болған. Сөйтіп, қазақтар тәркілеуге, ұжымдауға және ашаршылыққа қарсы өз наразылықтарын білдірген.
Қолдан жасалған аштық зобалаңы салдарынан қазақтар өз атамекенінен босып кетті. Ал басқа ұлттар мен келімсектер олардың орнын толтыруға ұмтылды.
Тек 1931 жылдың қыркүйек айының басында ғана 172 мың орыс, украин, беларүс, мордва Солтүстік Қазақстанға жер аударылған екен. Кейін 1937 жылдың күзінде Қиыр Шығыстан 2229 кәріс көшіп келді. Бұлар шығыс шекарадағы саяси шиеленіске байланысты жер аударылды.
1940 жылы Украина мен Беларусьтің батыс облыстарынан 28 мың адам және көшіп келеді. Бұған тың игеру жылдарын қосыңыз!
Осындай «саясаттан» кейін қазақ өз жерінде азаймағанда, көп келімсектер «сендер азсыңдар, біз көппіз» деп доңайбат шекпегенде қайтеді?
1897 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті ұлттың үлес салмағы 70-80 пайыз болғанын біреу білсе, біреу білмес...
Кісінің етін жегізген...
Көнекөз қариялардың тарихымыздың қасіретті беті – ашаршылық кезеңі жайлы айтқан естелік деректері адамның жанын қайыстырады. Сонда олар: «Адамды қасқыр ғана емес, адамның өзі де жеді емес пе? Әсіресе, Ақкөл жақтан Қоралас дегеннің аты сұмдық шықты. Иесіз қалған ауылда Қарасаздан бері шұбап келе жатқан адамдарды аңдып, сойып жейді екен. Көк шәугімі бар, соған асып жеген көрінеді. «Кісінің етін жеген Қоралас» деген содан қалған.
Осының бәріне абжыландай ысқырған ашаршылық кінәлі. Сол ашаршылық неден туды?
Ө. Есқали немересі,
Солтүстік Қазақстан облысы
ФАКТІЛЕР
1932 жылдың зобалаңындағы ресми деректерге қарағанда, ашаршылық жылдары емшектегі сәбилердің 72 пайызы, 7 жасқа дейінгі балалардың 60 пайызы қырылып қалған.
...
1932 жылы қазақтар арасындағы өлім бала туудан артық болып, Орал қаласында 5 есеге, Қостанайда 2 есеге, Қызылжарда екі есеге кеміп кеткен.
...
1932 жылы балалар үйіне 68 617 жетім алынса, 1933 жылғы 1 қаңтарға дейін 45 100 бала панасыз қалып, оның 1682-сі аштан өлген. Бірақ...бұл кезгі ресми мәліметтердің барлығы саналы түрде кемітіліп, редакцияланып көрсетілгенін ұмытпайық.
...
Алапат ашаршылық жылдары Қазақстан шекарасынан шығып, босқыншылыққа ұшыраған шаруалардың (қазақтардың) саны – 1 миллион 31 мың. Олардың 165 мыңы бұрынғы Кеңес Одағының шекарасынан әрі асып, Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға, Түркияға өтіп кеткен. Сөйтіп туған жерлеріне қайтіп орала алмаған.
Ал көрші республикаларға Ресейге қоныс аударып, орнығып қалғандар саны – 450 мыңдай.
(Архив құжаттарынан)
Ораз ИСАЕВ, қоғам және мемлекет қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны:
(Сталинге жазған хатынан үзінді)
– 1929 жылғы есептің деректері бойынша, Қазақстанда 40 миллион бас мал болған. Ал қазір небәрі 6 миллиондай мал қалды. Оның 2 миллионы совхоздарда, ал колхоздық сектор мен жекеменшік сектордағы 4 миллион малдың көп бөлігі орыс аудандарында...Сонда қазақтардың құр таяқ ұстап қалғаны ма?!
Дайындаған, Думан БЫҚАЙ