Кеше түнде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі. Әлем көз тіккен осынау маңызды шарада Қасым-Жомарт Тоқаев қандай мәлімдемелер жасады? Сарапшы бұл турасында не дейді? Dalanews.kz тарқатады.
Украина, Газа секторы: Тоқаев БҰҰ-да не туралы айтты?
Мемлекет басшысы ең алдымен XXI ғасырда БҰҰ беделін көтеру үшін ұйымға мүше мемлекеттер бейбітшілік пен қауіпсіздіктің іргесін бекемдейтін нақты қадамдар жасауға тиіс екенін мәлімдеді.
"Әйтпесе БҰҰ үнемі мәселенің салдарымен күресуден көз ашпайды. Ал проблеманың түпкі себептері үсті-үстіне көбейе береді", - деп ескертті Тоқаев.
Одан бөлек Президент "соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн" деген ұсынысын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларға жеткен. Бұл – рекорд көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залалдың шығыны 20 триллион долларға жуықтапты.
Сондай-ақ, Президент мәлімдемесіндегі маңызды тақырыптың бірі - Украина, Газа жайы.
"Қазақстан бейбіт тұрғындарға орасан зор залал келтіріп, жаһандық сенімге селкеу түсірген және халықаралық қауіпсіздікті әлсіреткен Украина айналасындағы дағдарысқа алаңдаулы.
Дегенмен аталған қақтығысты тоқтату үшін екіжақты және халықаралық деңгейдегі дипломатиялық күш-жігерді жалғастырып, қос мемлекет ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін саяси икемділік көрсетуі керек. Территориялық дау-дамайды шешу ешқашан оңай болған емес. Ол келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақтың да барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуын талап етеді. Өшпенділік психологиясы қақтығысқа қатысушы тараптардың бітімге келуіне мүмкіндік қалдырмай, қай-қайсысын да құрдымға жібереді.
Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз.
Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады", - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент "ғылым, медицина, спорт, дін және мәдениет сияқты жаһандық игіліктер геосаяси бөліністің құралына айналмауға және санкция салуға себеп болмауға тиіс" екенін жеткізді.
Саяси жағдайлардың салдарынан былтыр әлемдегі тікелей шетел инвестициясының көлемі 1,5 триллион долларға дейін қысқарған. Бұл да Президент көтерген мәселелер қатарында.
Одан бөлек, экология, жаһандық жылыну, Арал, Каспий мәселесі де көтерілді: "Былтыр адамзат тарихындағы ең ыстық маусым болды. Бұл ретте Орталық Азияда ауа температурасы әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтқан абзал. Алатау мұздықтары тез ери бастады. Бұл миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қазақстан Арал қасіретінен сабақ алды. Жоспарлы іс-әрекетіміздің арқасында, соның ішінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық нәтижесінде теңіздің солтүстік бөлігін сақтап қалдық. Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде еліміз бұл маңызды бағыттағы белсенді жұмысты жалғастырады. Дегенмен Каспий теңізі күннен күнге тартылып барады. Бұл бір өңірдің ғана проблемасы емес, жаһандық деңгейде дабыл қағатын мәселеге айналды. Сондықтан аймақтағы серіктестерімізді және барша халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырамыз", - деді Тоқаев.
Президент ел ішіндегі саяси өзгерістер, экономикалық ахуал туралы айта келіп, "Біздің таңдауымыз: үстемдік емес – тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік", - деп түйіндеді сөзін.
"Сапарлардың да сұрауы бар" - сарапшы
Президенттің АҚШ сапары, БҰҰ-да айтқан мәлімдемелері турасында саясаткер Әміржан Қосанның пікірін білдік.
"Сөз жоқ, сыртқы саясат көп жағдайда тек халықаралық қатынастарға емес, елдің ішкі өміріне да өз әсерін тигізіп отырады. Сол себепті өз басым біздің басшылардың шет елдерге барған сапарларына дәл осы ұстаным һәм талап тұрғысынан қараймын. Президент Тоқаев осы күндері АҚШ-та, Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясына қатысып, мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерімен кездесті. Екеуара кездесулердің ішінде, әрине, АҚШ президенті Трамппен сөйлескені, Украина президенті Зеленскиймен болған басқосулары – бір төбе", - дейді саясаткер.
Сарапшының пікірінше, АҚШ-тың әлемдік саясаттағы орны бөлек, тіпті соңғы кезде көптеген халықаралық мәселе Трамптың жеке көзқарасына тәуелді боп отыр.
"Жүйелік тұрғыдан ол, әрине, дұрыс емес, алайда жағдай солай болып отыр. Ал Зеленскиймен кездесуі Қазақстанның әлемде боп жатқан оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар дегенді сездірсе керек..." - деді ол.
Әміржан Қосан Президенттің БҰҰ жалпы дебатындағы мәлімдемелері туралы пікір білдірді.
"Сессия барысындағы жалпы дебатта сөз сөйлеген Президент Тоқаев Қазақстанның халықаралық мәселелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді, ол да бір жетістігіміз деп санайық. Алайда, кейбір ақордашыл сарапшылар секілді, "бізге осындай биік мінбеден сөз берді, ол - біздің мықтылығымыз" деп бөрікті аспанға лақтырып, "алақайлаудың" да керегі жоқ: бұл жыл сайын өтетін іс-шара әрі оның барысында барлық мемлекет басшысына сөз беріледі", - деді ол.
Сарапшының айтуынша, кез келген билік сыртқы қарым-қатынастарды орнатып, дамытуда геосаяси мүдделерді қорғаумен қатар, өз экономикасына инвестиция тарту мәселесіне басты назар аударады.
"Қарап отырсам, Президент Тоқаевтың кездесулері де сол мақсатты көздегендей. Ол да дұрыс, өйткені әртүрлі кландар мен топтардың мүддесін көздейтін лоббистер қаптап жүрген кезде аса маңызды инвестициялық жобалар саяси қолдау тауып, бас билік тарапынан жүзеге асқаны абзал: мемлекеттік мүдде соны талап етеді. Бұл жолы да кездесулер кезінде тек қазбалы байлықтарды игеру сөз болып қалмай, цифрландыру, энергетика, спутниктік байланыс, азық-түлік өндірісі секілді заман талаптарына сай бағыттар да аталып жатты. Ол туралы Америка бизнесінің әлемдік деңгейдегі алпауыттарымен кездесуде де айтылды. Алайда екі жақтық кездесулердегі ниет білдіру мен екі жақ мойнына міндет алатын нақты келісім-шарт пен жобаға қол қоюдың арасы – жер мен көктей. Сол себепті ендігі жерде Үкімет кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды нақты шешімдер деңгейіне жеткізіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе бәрі сөз жүзінде қалып жүргенін бұрын да көргенбіз, қазір де ол үрдістен арыла қойған жоқпыз", - деді Әміржан Қосан.
Сарапшы "келіссөздерге қатысты сауалдар да жоқ емес" дейді.
"Мәселен, Трамппен әңгімесінде АҚШ-пен мұнай саласындағы келісім-шарттарды одан сайын ұзарту туралы сөз болыпты. Алайда ескі Қазақстан тұсында қол қойылған сол шарттардың мән-мазмұнына, соның ішінде түскен пайданы бөлу механизмі жайында мамандар арасында әртүрлі әңгіме көп. Шарттар сол қалпында қала ма әлде кезінде Қазақстанның еншісін тым аз етіп, бұрынғы президент қол қойған уағдаластықтарға уақыт талабына сай өзгерістер енгізіле ме? Келесі мәселе Қазақстанның АҚШ-тан 300 теміржол локомотивін сатып алуына (сауда құны 4 миллиард доллар) қатысты. Неліктен біз сол локомотивтерді өзімізде шығармаймыз? Үкімет кезінде бізде сондай бір емес, екі зауыт бар деп есеп берген сияқты еді. Солардың өнімі не болмақ? Шынымен де, елге инвестиция тартқанда басқа біреу өндірген тауар емес, жұмыс істейтін капитал, жоғарғы технология әкелу жағы басым болуға тиіс. Өкінішке қарай, ол жағы бізде әзірше ақсап тұр", - дейді ол.
Сарапшы бұл сауда келісімін Трамптың барлық елге қатысты "Америка тауарын сатып алыңдар" деген талабы тұрғысынан қарастыратынын жеткізді.
"Бәлкім, бұл келісімнің артында басқа да, соның ішінде екі жақтық байланысты одан сайын дамытып, тереңдету, геосаяси, Қазақстанның қауіпсіздігіне байланысты жайттар жатқан болар. Көрші Өзбекстанның да АҚШ-тан 8,2 миллиард долларға 22 "Боинг" ұшағын сатып алуын да осы тұрғыдан түсіну керек деп ойлаймын. Алайда бізге "Боинг" жасап шығару әзірше мүмкін емес, ал теміржол вагондарын таситын тепловоз не электровоз шығара аламыз ғой.
Бұрын да айтқанмын, қазір де қайталайын: жалпы алғанда Қазақстанға шетелден келетін ірі инвестициялық жобалар мен бюджет қаржысы жұмсалатын қомақты сатып алулар туралы келісім-шарттар Парламентте қаралып, ратификациялануға тиіс. Сонда біз бұл бағыттағы жұмыста кландық, топтық мүдделер орын алуына, субъективизм мен волюнтаризм орнығуына жол бермейміз. Ол Парламентте билікке сын, балама ұсыныс айта алатын шынайы оппозиция болса, әрине", - деп түйіндеді сарапшы.