"Смайыловтың сүйкімі кете бастады...". Тоқаев Үкіметтің жұмысын сынға алды

Dalanews 12 жел. 2022 10:05 1063

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президентт Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылға арналған болжамын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тоқаев министрлер мен әкімдердің жұмысына қатысты халықтың тарапынан түсетін арыз-шағымның күрт көбейгенін мәлімдеді.

"Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде.

Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды. Осындай жағдай бәрімізге қауіп төндіретіні анық. Оның үстіне, келесі жыл қазіргіден де күрделі, қиын болуы әбден мүмкін", – деді президент.

Оның атап өткеніндей Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздегі экономикалық мәселелерді шешумен айналысу.

"Бұл – Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының тікелей жауапкершілігі. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді.

Жалпы, Жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме?


Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма? Меніңше, бұл мәселелер Мемлекет басшысының Премьер-Министрмен және Парламент депутаттарымен өткізетін консультациялары кезінде мұқият талқылануы керек", - деді Президент.

Мемлекет басшысы Алда тұрған міндеттер – өте күрделі екендігін, бұл міндеттер бүкіл ел азаматтарына қатысты екенін баса айтты.

"Сондықтан біз парасатты түрде, бірлігімізді сақтап, бәріміз бірге еңбек етуіміз керек. Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Парламент сайлауы өтеді. Мен ұсынған саяси реформалар бағдарламасына сәйкес заң шығару билігі және жергілікті өкілді органдар сапалық тұрғыдан маңызды өзгеріске ұшырайды. Үкімет те осы реформа үдерісінен тыс қалмауға тиіс. Бұл жұмыс бір уақытта, бір қарқынмен жүргізілуі керек. Сол себепті, мен барша Үкімет мүшелері осы мәселе жөнінде ойлануы керек деп санаймын. Халқымыздың игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз табысты болсын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

https://dalanews.kz/aimak/84363-zhengis-qasymbek-astanadagy-auyz-su-zhan

https://dalanews.kz/kogam/84357-prezidenttik-rezervtegi-zhastardy-zhu

 

https://dalainside.kz/12/manyzdy/12/2022/779/

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар