Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдердің жағдайы қандай? Сарапшы негізгі мәселелерді атады

Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдердің жағдайы қандай? Сарапшы негізгі мәселелерді атады
Фото: Жазира Асанованың жеке мұрағатынан

Кейінгі жылдары Қазақстанда мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған бірқатар өзгеріс енгізілді. Педагогтердің жалақысы өсіп, құқықтары заңмен қорғалды. Оларды кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға және негізсіз есеп талап етуге шектеу қойылды. Алайда бұл шаралар ұстаздардың күнделікті жұмысын қаншалықты жеңілдетіп отыр? Заңда бекітілген мәртебені мұғалім мектеп өмірінде сезініп жүр ме? 

Dalanews.kz тілшісі Qazaq Expert Club-тың білім беру саласындағы сарапшысы Жазира Асановамен тілдесіп, мұғалімдердің еңбекақысы мен жұмыс жүктемесіне, ата-аналармен қарым-қатынасына, жас мамандардың мектептен кету себептеріне және ауылдағы кадр тапшылығына байланысты пікірін білді.

Халықаралық статистика не дейді? 

TALIS 2024 халықаралық зерттеуінде қазақстандық мұғалімдердің 82 пайызы өз еңбегінің қоғамда бағаланатынын айтқан. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш орта есеппен 22 пайызға тең. Қазақстандағы нәтиже 2018 жылмен салыстырғанда 18 пайыз өскен.

Бұл қоғамның мұғалім еңбегіне құрметі артқанын аңғартады. Дегенмен мамандықтың беделі мен ұстаздың мектептегі күнделікті жағдайы үнемі қабыса бермейді. Қоғам мұғалімді құрметтейтінін айтқанымен, оның жұмысына орынсыз араласу, сабақтан тыс міндеттер жүктеу және тәулік бойы байланыста болуын талап ету әлі де кездеседі.

Жазира Асанованың айтуынша, жалақының өсуі мен құқықтық қорғаныстың күшеюі мәселенің бір бөлігін ғана шешкен.

“Мұғалімнің күнделікті жұмысына әкімшілік жүктеме, ата-анамен қарым-қатынас мәдениеті және мектеп ішіндегі кәсіби еркіндік тікелей әсер етеді. Сондықтан “педагог мәртебесі заңда бекітілді ме?” дегеннен гөрі, “мұғалім сол мәртебені күн сайын сезіне ме?” деген сұрақ маңыздырақ”, дейді сарапшы.

Оның сөзінше, мұғалім мәртебесін тек жалақымен немесе мереке күндері айтылатын жылы сөздермен өлшеу жеткіліксіз. Ұстаздың шынайы беделі оның уақытын, еңбегін және кәсіби пікірін күнделікті құрметтеуден басталады.

Мұғалім құқығын қорғаған заң қалай орындалып жатыр?

“Педагог мәртебесі туралы” заң қабылданғалы мұғалімдердің жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар өзгеріс жүзеге асты. 2020 жылдан бастап олардың еңбекақысы кезең-кезеңімен 100 пайызға көтерілді. Біліктілік санаты, тәлімгерлік қызметі мен академиялық дәрежесі үшін қосымша төлемдер енгізілді.

Сонымен бірге мұғалімді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға, заңсыз тексеруге және артық есеп талап етуге тыйым салынды. Бір құжатты қағаз және электронды түрде қатар толтыруға шектеу қойылды. Оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты педагогтің жауапкершілік шегі де нақтыланды.

Сарапшы бұл өзгерістер мұғалімге қажетті құқықтық негіз қалыптастырғанын айтады. Енді сол нормаларды мектептің күнделікті өміріне енгізу қажет.

“Заң мұғалімнің құқығын қорғағанымен, кейбір білім беру ұйымдарында бұрыннан қалыптасқан жұмыс тәртібі өзгере қоймаған. Педагогке тікелей міндетіне кірмейтін тапсырмалар берілуі немесе ресми есеп қысқарғанымен, оның орнына түрлі ішкі анықтама мен мәлімет сұралуы мүмкін”, - дейді ол.

Даулы жағдайларда да мектеп әкімшілігі мәселені заң аясында шешудің орнына, екі тарапты өзара татуластырып, оқиғаны жылы жабуға тырысатын кездер болады. Мұғалімнің өзі де ұзақ рәсімдерге араласқысы келмей, құқығын қорғаудан бас тартады.

“Заңдағы талаптар мектептің ішкі мәдениетіне айналуға тиіс. Педагог қысымға тап болса, кімге жүгінетінін және оған кім құқықтық көмек көрсететінін анық білуі керек. Мұғалім өзін қағаз жүзінде емес, жұмыс орнында қорғалған сезінуі қажет”, - дейді Жазира Асанова.

Мұғалімнің табысы неге қосымша сағатқа тәуелді?

Мұғалімдердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру саладағы ахуалды едәуір өзгертті. TALIS зерттеуінде де қазақстандық педагогтердің басым бөлігі еңбекақысына қанағаттанатынын айтқан.

Соған қарамастан жалақы мен жүктеменің арақатынасы әлі де назар аударуды қажет етеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, білім беру саласындағы орташа айлық 385 725 теңгені құраған. Ал ел бойынша орташа жалақы 486 388 теңге болған. Мұнда білім саласындағы көрсеткіш тек мұғалімдердің емес, осы бағытта еңбек ететін барлық қызметкердің табысын қамтитынын ескерген жөн.

Мұғалімнің айлығы көбіне негізгі мөлшерлемемен шектелмейді. Оның табысы қосымша сабақ сағаты, сынып жетекшілігі, дәптер тексеру және тәлімгерлік арқылы көбейеді. Басқаша айтқанда, айлықтың өсуі көп жағдайда жұмыс көлемінің артуымен қатар жүреді.

Бұл тұста педагогтің көпшілік байқай бермейтін еңбегі де бар. Мұғалім сабаққа дайындалады, оқушылардың жұмысын тексереді, ата-анамен сөйлеседі, тәрбие шараларын ұйымдастырады және бірнеше жүйеге ақпарат енгізеді. Алайда оның еңбегі көбіне сыныпта өткізген сағатымен ғана бағаланады.

“Мұғалім көп табыс табу үшін сағат санын көбейтуге мәжбүр болмауы керек. Ол қалыпты жүктемемен де лайықты еңбекақы алса, сабағына және әр балаға көбірек көңіл бөле алар еді”, - дейді сарапшы.

Ата-анамен байланыс қай кезде қысымға айналады?

Ата-ананың баласының оқуына қызығушылық танытуы заңды. Мектеп пен отбасы бір-бірімен байланыс орнатпайынша, балаға қатысты мәселені толық шешу қиын. Алайда серіктестік мұғалімнің кәсіби шекарасын бұзбауы керек.

Кей ата-ана педагогтен тәуліктің кез келген уақытында мессенджер арқылы жауап күтеді. Бағаға немесе сабақ беру әдісіне көңілі толмаса, мәселені алдымен мұғаліммен не мектеп әкімшілігімен талқыламай, әлеуметтік желіге жариялайды. Мұндай жағдайда желідегі қоғамдық пікір мәселені шешудің емес, мұғалімге қысым көрсетудің құралына айналуы мүмкін.

“Мұғалім оқушы мен ата-ананың қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Сол сияқты ата-ана да педагогтің кәсіби құқығын сыйлауы керек. Келіспеушілік әлеуметтік желідегі қысыммен емес, мектептегі ашық әңгіме мен заңды тәртіп арқылы шешілгені дұрыс”, - деді Жазира Асанова.

Оның пікірінше, әр мектепте ата-ана мен мұғалім арасындағы дауды қарайтын түсінікті тәртіп болуы керек. Сонда екі тарап та мәселені кімге және қандай ретпен жеткізетінін біледі.

Мұғалімді қорғау оны кез келген жағдайда жауапкершіліктен босату деген сөз емес. Педагог балаға сапалы білім беруге, кәсіби әдепті сақтауға және өз шешіміне жауап беруі тиіс. Егер нақты заң немесе әдеп бұзушылығы болса, оған тиісті баға берілуі қажет.

Бірақ мұғалімнің сабақты сынып деңгейіне қарай бейімдеуі, бағалау кезінде кәсіби ұстанымын қорғауы немесе тиімді деп тапқан әдісті қолдануы қысым көрсетуге себеп болмауы керек. Сарапшының пайымынша, тепе-теңдік осы тұстан көрінеді. Яғни, мектеп пен мемлекет ұстазды негізсіз араласудан қорғайды, ал мұғалім өз жұмысының сапасына жауап береді.

Күйзеліс мұғалім жұмысының қалыпты бөлігіне айналған

TALIS 2024 зерттеуінде қазақстандық педагогтердің 4 пайызы ғана күйзеліс деңгейін өте жоғары деп бағалаған. Бірақ қысымның себептеріне жеке тоқталғанда, мәселенің ауқымы анық байқалады.

Мұғалімдердің 29 пайызы оқушының нәтижесіне жауап беру міндетін, 28 пайызы тәртіп мәселесін, 25 пайызы әкімшілік жүктемені күйзелістің негізгі себебі ретінде атаған.

Жазира Асанованың айтуынша, төмен көрсеткіш педагогтер арасында күйзеліс жоқ екенін білдірмейді. Көп мұғалім тұрақты шаршау мен қысымды жұмысының үйреншікті бөлігі ретінде қабылдап кетуі мүмкін.

Мұндай жағдайда мектептегі психологтің көмегімен ғана шектелу жеткіліксіз. Мұғалім қиын сыныппен, сәтсіз өткен сабақпен немесе ата-анамен туған даумен жалғыз қалмауы керек. Ұжым ішінде әріптестен кеңес сұрау әлсіздік емес, кәсіби дамудың бір бөлігі ретінде қабылдануы тиіс.

“Мұғалім тәжірибелі әріптесіне барып, “маған көмек керек, осы жағдайды бірге талдайықшы” деп еркін айта алуы қажет. Күйзелісті азайтатын ең үлкен күш, мектеп ішіндегі сенім мен әдістемелік серіктестік”, - деді сарапшы.

Қазақстанда жас маманға бір оқу жылына тәлімгер бекіту тетігі бар. Сол жұмысы үшін тәлімгерге қосымша ақы төленеді. Алайда бұл міндет тек бұйрық шығару және есеп толтырумен шектелсе, жас мұғалімге нақты көмек бермейді.

Жас мұғалім мектепте неге ұзақ тұрақтамайды?

Жастар педагогикалық мамандықты басқа таңдау болмағандықтан оқиды деген түсінік бүгінде шындыққа сәйкес келмейді. TALIS зерттеуінде еңбек жолын жаңадан бастаған қазақстандық мұғалімдердің 78 пайызы педагогиканы алғашқы кәсіби таңдауы ретінде көрсеткен.

Олар мектепке жаңа идеямен, цифрлық құралдарды еркін пайдалану қабілетімен және сабақты қызықты өткізуге деген ниетпен келеді. Бірақ 30 жасқа дейінгі педагогтердің 22 пайызы алдағы бес жылда мамандықтан кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаған. ЭЫДҰ елдеріндегі орташа көрсеткіш 20 пайызды құраған.

Жас мамандардың мектептен кетуіне тек жалақы әсер етпейді. Еңбек жолын жаңа бастаған мұғалімге бірден күрделі сыныптар берілуі, сабақ кестесінің қолайсыз құрылуы немесе жас болғаны үшін қосымша жұмыстардың жүктелуі оның мамандыққа деген ықыласын төмендетеді.

Мектептегі қарым-қатынас та маңызды. Жас педагогке тек тәжірибесі аз қызметкер ретінде қарау дұрыс емес. Ол жаңа технологияны немесе заманауи әдісті тәжірибелі әріптесінен жақсы білуі мүмкін. Оның пікір айтуына және өзгеше тәсіл ұсынуына мүмкіндік берілуі керек.

“Жастарды мектепке шақырудың өзі жеткіліксіз. Оларды дұрыс қарсы алып, қолдап, кәсіби еркіндік беру маңызды. Мамандықтың тартымдылығы мектепке қанша жас келгенімен емес, бес жылдан кейін олардың қаншасы осы салада қалғанымен өлшенеді”, - деді Жазира Асанова.

Ауыл мұғаліміне үстемеақыдан бөлек не қажет?

Ауылда еңбек ететін мұғалімдерге базалық жалақысының кемінде 25 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді. Коммуналдық шығын мен баспанаға байланысты жеңілдіктер де бар. Бұл мамандарды ауылға тартуға көмектеседі, бірақ олардың сол жерде тұрақтап қалуына жеткіліксіз.

Жас мұғалім үшін табыспен қатар, өмір сүру жағдайы да маңызды. Баспананың болуы, жол мен медицинаның қолжетімділігі, интернет сапасы, балабақша мен мектептің жағдайы, отбасы мүшелерінің жұмыс табу мүмкіндігі оның шешіміне тікелей әсер етеді.

Шағын жинақты мектептерде бір педагог бірнеше сыныпқа немесе өзара жақын пәндерге қатар сабақ беретін жағдайлар кездеседі. Сондықтан ауылдағы мұғалім тапшылығын тек білім саласының шеңберінде шешу мүмкін емес.

Қазір мемлекеттік мектептерде 5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Математика, физика, химия және бастауыш білім беру бағытындағы мамандарға сұраныс жоғары.

“Кей мектептерде бос сағаттар басқа мұғалімдерге қосымша беріледі немесе зейнет жасындағы ұстаздардың көмегімен жабылады. Бұл сабақтың тоқтап қалмауын қамтамасыз еткенімен, мәселені түбегейлі шешпейді. Керісінше, жұмыс істеп жүрген педагогтердің жүктемесін арттырып, білім сапасына кері әсер етуі мүмкін”, - дейді сарапшы. 

Аттестаттау мұғалімнің шеберлігін көрсете ме?

Педагогтің кәсіби өсуін бағалау және біліктілік санатына қарай үстемеақы төлеу қажет. Бірақ аттестаттау мұғалімді сабақ беруден гөрі құжат жинауға көбірек уақыт жұмсауға мәжбүр етсе, жүйенің мәні жоғалады.

Сарапшының пікірінше, бағалаудың басты өлшемі портфолионың қалыңдығы болмауы керек.

“Аттестаттау кезінде мұғалімнің сыныптағы шеберлігіне, әдістемелік дайындығына және оқушымен жұмыс істеу қабілетіне мән берілуі қажет. Жиналған қағаз саны педагогтің кәсібилігін көрсете алмайды”, - деді ол.

Қазір аттестаттауды автоматтандыру және адами факторды азайту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдеткенде ғана пайдалы. Бір мәліметті бірнеше жүйеге қайта енгізу қағазбастылықты азайтпайды, тек оның түрін өзгертеді.

Мәселе шешілмесе, мектептерді не күтіп тұр?

Сарапшы бүгінгі түйткілдер ескерусіз қалса, алдағы бес жылда білім жүйесіндегі бірнеше мәселе тереңдеуі мүмкін екенін айтады.

Ең алдымен пәндер мен өңірлер арасындағы кадр теңсіздігі ұлғаюы мүмкін. Мұғалімдердің жалпы саны жеткілікті болғанымен, математика мен жаратылыстану пәндерінен және шалғай елді мекендерде маман тапшылығы сақталады. Соның салдарынан сабақты тиісті мамандығы жоқ педагог өткізуі немесе бос сағаттар басқа мұғалімдерге жүктелуі мүмкін.

Бұл өз кезегінде жұмыс істеп жүрген ұстаздардың шаршауына әкеледі. Қосымша сағат олардың табысын уақытша арттырғанымен, әр сабаққа дайындалуға және әр оқушыға көңіл бөлуге кететін уақытты азайтады.

“Тағы бір қауіп, мектептер арасындағы білім сапасы алшақтығының ұлғаюы. Егер шалғайдағы мектептер білікті маманды тартып, ұстап қала алмаса, баланың сапалы білім алу мүмкіндігі оның қай жерде тұратынына тәуелді болып қалады”, - дейді сарапшы.

Асанованың айтуынша, мұның алдын алу үшін мұғалімнің уақытын қорғау, оған кәсіби еркіндік беру және кадр саясатын өңірлердің нақты сұранысына сай жүргізу қажет.

“Педагогикалық гранттарды бөлгенде де жалпы көрсеткішке емес, қай облысқа және қай пән бойынша маман керегіне назар аударған жөн. Жас маманды ауылға жіберумен ғана шектелмей, оның сол жерде өмір сүруіне және кәсіби дамуына жағдай жасау керек”, - деп қосты ол. 

Нағыз мәртебе күнделікті қарым-қатынастан көрінеді

Қазіргі сыныпта дайындығы, оқу қарқыны, тілдік ортасы және білім алу қажеттілігі әртүрлі балалар бірге оқиды. Мұғалім олардың әрқайсысына көңіл бөліп, бүкіл сыныпты ортақ нәтижеге жеткізуі тиіс. Бұған ата-ананың талабы, үздіксіз ақпарат ағыны және технологиядағы өзгерістер қосылады.

Осының бәрі педагогтен кәсіби шеберлікпен қатар, үлкен төзім мен жауапкершілікті талап етеді. Соған қарамастан мұғалім мамандығының ең бағалы қыры, оның бала өміріне ұзақ жылдарға жететін ықпалында.

“Мұғалім еңбегінің нәтижесі бір сабақтан немесе бір тоқсаннан кейін ғана көрінбейді. Оның дер кезінде айтқан жылы сөзі, қолдауы немесе берген бағыты баланың болашақ таңдауына, тіпті өмірлік ұстанымына әсер етуі мүмкін. Сондықтан нағыз мәртебе ұстазға арналған әдемі сөздерде емес. Ол мұғалімнің уақытын, еңбегін және кәсіби пікірін күнделікті өмірде қаншалықты құрметтейтінімізден көрінеді”, - деп түйіндеді сарапшы.