Ақтауда медицина мекемесі қызметкерлер үшін 10 жылдан бері тиісті жарна төлемеген

Ақтауда медицина мекемесі қызметкерлер үшін 10 жылдан бері тиісті жарна төлемеген
Алматы тв

Ақтаудағы фтизиопульмонология орталығының 90-ға жуық қызметкері міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының уақытында аударылмауына байланысты зейнетке шығуда қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Олардың айтуынша, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне төленуге тиіс 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы 2014 жылдан бері аударылмаған. Соның салдарынан зейнет жасына жеткен мамандар құжаттарын рәсімдеу кезінде түрлі мәселелерге кезігіп отыр. Туберкулезге қарсы диспансерде 37 жыл еңбек еткен мейірбике Майра Заханованың сөзінше, қызметкерлер он жылдан астам уақыт бойы тиесілі төлемнен қағылған.

Қызметкерлер бұл мәселе санитарларға да қатысты екенін айтады. Олардың мәліметінше, зиянды еңбек жағдайы үшін қарастырылған төлем белгілі бір кезеңде аударылғанымен, 2026 жылдың басынан бастап тоқтатылған.

Ал орталықтың заңгері Ержан Қонаев қолданыстағы заңнамаға сәйкес міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы тек медициналық білімі бар және медициналық қызмет көрсететін мамандарға төленетінін түсіндірді. Оның айтуынша, санитарлар бұл санатқа кірмейді.

Сондай-ақ заңгер 2014 жылғы нормативтік құжаттың күші жойылып, кейін жаңа бұйрықпен қайта бекітілгенін атап өтті. Құжатта зиянды өндірістік жағдайда жұмыс уақытының кемінде 80 пайызын өткізетін медицина қызметкерлеріне ғана жарна төлеу қарастырылған.

Маманның айтуынша, санитарларға соңғы екі жылда аударылған жарналар кейін қайтарылған. Алайда қызметкерлер бұл мәселемен келіспей, өздеріне тиесілі деп есептейтін төлемдерді өндіріп алу үшін заңгерлердің көмегіне жүгінбек.