Астана әуежайында 1 қазанда Түркияның Ыстамбұл қаласынан ұшып келген Украина азаматы Любовь Рожанская ұсталды. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы адвокаттарға сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, қазақстандық шекарашылар әйелді Ресейдің сұрауы бойынша ҰҚШҰ арналары арқылы ұстаған. Ресей тарапы оны өз немересін ұрлады деп айыптап отыр. Қазір Любовь Рожанская Астанадағы тергеу изоляторына қамалған. Алдағы үш тәулікте сот оның Ресейге экстрадициялануы мәселесін қарайды.
Адвокат Алексей Прянишниковтың айтуынша, Рожанская Қазақстанға жеті жастағы немересін алып, Украинаға қайтару үшін келген. Бұл іс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан халықаралық сипаттағы отбасылық дауға байланысты.
Басылымның жазуынша, баланың анасы Алла Андреева 2021 жылы ұлымен бірге Ресейдің Калининград облысына көшіп кеткен. Кейін ол Украина азаматтығынан бас тартуға өтініш беріп, өзіне және баласына Ресей азаматтығын рәсімдеген. Алайда Украинаның Жоғарғы соты баланың туған әкесінің талап-арызы бойынша оны Одессаға қайтару жөнінде шешім шығарып, ресми тұрғылықты жері ретінде осы қаланы белгілеген.
Рожанскаяның қорғаушылары оның Астанаға келуін Ресей арнайы қызметтері ұйымдастырған алдын ала жоспарланған әрекет деп санайды. Адвокаттардың мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде баланың өгей әкесінің ресейлік туыстары әйелмен байланысқа шығып, баланы өз еркімен беруге дайын екендерін айтқан.
Сонымен қатар қорғаушылардың айтуынша, келіссөздер жүріп жатқан кезде Калининградтың Орталық аудандық соты Рожанскаяны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарып, оны іздеуге жариялау үшін қажетті құжаттарды дайындаған. Қазақстанда жұмыс істейтін адвокат Риза Нұрбаеваның сөзінше, Любовь Рожанская өзіне қатысты Ресейде қылмыстық іс қозғалғанынан хабарсыз болған, өйткені ол ешқашан Ресей аумағына кірмеген.
Ал адвокат Алексей Прянишников бұл істің артында Ресей мен Украина арасындағы соғыс жағдайына байланысты саяси астар болуы мүмкін деп есептейді. Deutsche Welle мәліметінше, қазір әйелдің Ресейге экстрадициялануы мәселесі қаралып жатыр.