Жолдағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды: Алматы облысында 24 жастағы жігіт қаза тапты

Жолдағы жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды: Алматы облысында 24 жастағы жігіт қаза тапты

Алматы облысында 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбайдың өліміне қатысты үш жігіт сот алдында жауап беріп жатыр. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы жағдай жолдағы болмашы жанжалдан кейін болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға осыдан бес ай бұрын Талғар ауданындағы ауылдардың бірінде болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Жанасыл мен оның інісін үйіне дейін көлікпен қуып барған. Кейін олардың бірі Жанасылға пышақ жарақатын салған.

Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Қазір іс Қаскелең қаласында ашық сот отырысында қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында 19 және 20 жастағы үш жігіт отыр. Олардың біріне адам өлтірді деген айып тағылса, қалған екеуі қылмысты жасыру фактісі бойынша жауапқа тартылған.

Сотта айыпталушылардың бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берген.

«Жүргізуші бізге сигнал бере бастады. Елхан оған айналып өт деген белгі көрсетті. Жанасыл Елханға бірдеңе айтты, боқтаған сияқты, содан кейін бізді жоғары жылдамдықпен айналып өтті. Біз олардың соңынан бардық. Үйдің алдына жеткенде көліктен тек Елхан шықты. Ол Жанасылды пышақпен ұрды. Сосын маған: “Газды бас” деді. Пышақты көргенде есеңгіреп қалдым», – деді айыпталушылардың бірі.

Марқұмның туыстары оқиғаның басқаша өрбігенін айтады. Олардың сөзінше, Жанасыл інісімен бірге әкесінің зиратына барып келе жатқан. Қайтар жолда ауылдастары мінген көлік жолды жауып тұрған.

Жанасыл көлік иелеріне жолды босатуды сұрап, сигнал берген. Алайда олар көлікті қозғамаған. Осыдан кейін ол жол жиегімен жоғары жылдамдықпен айналып өткен. Туыстары күдіктілердің осы жағдайға ашуланып, ағайынды жігіттердің артынан үйіне дейін барғанын айтады.

Марқұмның інісі Еркебұлан Сәрсенбай да сотта оқиға сәтін баяндады.

«Үш адамның көліктен түскенін көрдік. Мен жолаушылар жағында тұрдым. Ешқандай әңгіме болған жоқ. Кенеттен Елхан ағама екі рет пышақ сұқты: алдымен оң қолымен, кейін сол қолымен. Жанасыл ауруханада көз жұмды», – деді ол.

Анасы ең қатаң жаза сұрады

Сот отырысында марқұмның анасы Алмагүл Нұрғызат ұлының өліміне кінәлілерді кешірмейтінін айтып, оларға қатаң жаза тағайындауды сұрады.

«Ұлым жүгіріп келіп: “Анашым, ағамды пышақтап кетті” деді. Далаға жүгіріп шықтым. Жанасыл тізерлеп отыр екен. Оны құшақтадым. Жедел жәрдем шақырдық. Кейін өзіміз ауруханаға апаруды шештік. Артынша дәрігерлер: “Ұлыңыз қайтыс болды” деді. Мен кешірмеймін. Мұндайды кешіру мүмкін емес. Үшеуі де істеген ісі үшін жазасын алсын. Өмірінің соңына дейін түрмеде отырсын», – деді марқұмның анасы.

Жәбірленуші тарап сотталушылардан 100 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен.

Іс «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасыру» баптары бойынша қаралып жатыр. Айып тағылған тұлғаларға алты жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі бар.