Смайылов экс-министр Бекетаевтың ұсталуы туралы айтты

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2024 14:38 89

Жоғары аудиторлық палатасаның төрағасы Әлихан Смайылов бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Жоғары аудиторлық палатасы 2023 жылы Әділет министрлігінде тексеріс жүргізген.  

"2023 жылғы мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, Жоғары аудиторлық палатасы Әділет министрлігі мен оның құрамындағы ұйымдардың республикалық қаржыны кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша қалай қолданғанын тексеру үшін аудиторлық шаралар өткізілді. Біз шығарған шешім Антикорға беріліп, осы іске қатысты кейбір тұлғалар ұсталды. Әзірге басқа нәрсе айта алмаймын, себебі қазіргі таңда іс Антикордың бақылауында", - дейді Әлихан Смайылов. 

Палата төрағасы Бекетаевтың нақты не үшін ұсталғанынан бейхабар екенін, бірақ Жоғары аудиторлық палатасы тексеріс жүргізіп, қорытындысы Антикорға берілгені факт екенін атап өтті. 

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатасы Әділет министрлігінде және "Болашақ" консалтингтік компаниясына қарсы тексеру жүргізгенін хабарлаған болатынбыз. Тексеру қорытындысы әзірге құпия және қылмыстық іс аясында материалдар тәркіленді.

Шілде айында Антикор Марат Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Ол жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырып, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінді.

Антикор бұрынғы әділет министрін 2023 жылдың 21 қазанында елден қашып кетпек болған кезінде ұстаған еді. 

Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Ол қанды Қаңтар оқиғасынан соң қызметінен босатылып, кейін премьер-министрдің кеңесшісі қызметіне тағайындалған еді. Бірақ ол кеңесші қызметінен бір жылдан кейін кеткен.

Сонымен қатар, DALA INSIDE Бәйбекке қатысты экс Әділет министрі Марат Бекетаев та тергеушілерге біраз құнды ақпарат бергенін жазған болатын. Қылмыстық іс қозғауға тұрарлық біршама материал жиналып қалды.

"Қазір Бауыржан Бәйбекке қылмыстық іс қозғамақ бұрын, оны экстрадициялау мүмкін бе, сол жағы шешілуде. Себебі "Жаңа Қазақстан" үшін адамды сыртынан соттау жарамайды", дейді DALA INSIDE дереккөзі.


Бәйбектің Алматыдағы барлық шешімдеріне ревизия жасалатын болады. Оған ревизиялық комиссия мүшелері мен аудиторлар жұмылдырылады деп жоспарланған.

Соңғы рет Бауыржан Бәйбек Кипр мен Германияда бой көрсеткен еді. Негізі ол өткен желтоқсан айында Солтүстік Кипр аумағында жүрген дейді, дереккөз. Солтүстік Кипр БҰҰ тарапынан мойындалмаған квазимемлекет. Бірақ Түркия арқылы экстрадиция мәселесін шешуге болады.

Ал тағы бір дереккөз Бауыржан Бәйбектің Африкаға көшейін деп жатқанын мәлімдеді. Танзанияда кобальт өндірісіне инвестиция салған қазақ кәсіпкерлерін жағалайды деген ақпарат бар. Бизнесмендер оған сәл де болса қолдау білдіріп жіберуге кет әрі емес.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар