Скляр Қазақстандағы арзан жанар-жағармай көрші елдерге кетіп жатқанын мәлімдеді

Кәмшат Тілеухан 31 шіл. 2025 13:44

Қазақстан үкіметі елдегі бензин мен дизель отынының бағасын көрші елдермен теңестіру үшін біртіндеп өсіретін болды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Роман Скляр үлкен мұнай қорының барына қарамастан Қазақстанда мұнай өнімдері әлі де жеткіліксіз өндірілетінін баса атап өтті.

"2017-2019 жылдары біз үш МӨЗ-ді қайта жөндеп, құрылымдауды аяқтадық, сөйтіп жанар-жағармай өндірісі көлемін едәуір арттырдық. Осы уақытқа дейін бой көрсетіп келген бензин, дизель, авиакеросин тапшылығы кілт тыйылды. Алайда, авиакеросин тұтынысының айтарлықтай артуына байланысты бізде жетіспеушілік сезіледі, сондықтан оны сырттан сатып аламыз", - деді ол.

Оның айтуынша, отандық өндірісті ұлғайту жоспарда бар.

"Біздегі бензин мен дизель көрші мемлекеттермен салыстырғанда тым арзан. Соның салдарынан шетелдік транзиттік көліктер жанармайды бізден толтырып әкетіп жатыр. Сондықтан отын бағасын біртіндеп теңестіреміз. Сонымен қатар, жоспарда мұнай өңдеу көлемін 6-дан 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін Шымкент МӨЗ құрылысының екінші кезеңі және қолданыстағы Павлодар және Атырау зауыттарында өнімділікті арттыру жөніндегі іс-шаралар қарастырылған", – деді вице-премьер Скляр.

Айта кетейік, елде отынды заңсыз экспорттау көлемі 50 пайызға қысқарған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі, ҰҚК шекара қызметі және Мемлекеттік кірістер комитеті бірлесіп өткізген жиында айтылды. Жауапты органдар "Переток" операциясының нәтижесінде "көлеңкелі" жанармай экспортына қарсы күресте осындай көрсеткішке қол жеткізген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар