Халық қалаулысы өкілеттігін тоқтатқан әріптесі әрі командаласы туралы пікір білдіріп, оның орнына кім келетіні жөнінде айтты.
«Бізде де басқалар сияқты партиялық тізім бар. Жақын арада жиналуды жоспарлап отырмыз, бір аптада келесі депутатты анықтауымыз керек. Әрине, үміткерлер бар. Алайда, Бейбіт Әлібековтің де, Нұрлан Қоянбаевтың да Парламентке келуі екіталай.
Басқа жігіттер бар. Әзірге еш фаворитіміз жоқ, бәріміз дауыс береміз. Динара Шүкіжанова мүше болған комитетке сай келетін, кәсіпкерлік тәжірибесі жеткілікті бірқатар азаматтарымыз бар. Шынымды айтсам, қазір пікір айту қиын, өйткені әрқайсымыздың өз ойымыз бар. Енді осы ойлардың бәрін ортаға саламыз", - деді Қожаназаров.
Оның дерегінше, Динараның өзі партияда тең төраға болып қала береді. Ол көптен бері бизнеске қайта оралғысы келетінін айтып жүрген. Бірақ ол бастаған бастамаларын аяқтауы керек болатын.
«Қазір барлық бастамаларын табысты аяқтады, сондықтан бизнеске кетіп жатыр. Менімен жанжалдасып кетті деген әңгіменің қауесет екенін ескертемін. Ол менің жақын досым, Respublica партиясы құрылмай тұрып-ақ дос боғланбыз. Партияда көшбасшылық үшін күрес болған жоқ. Айналып келгенде, оның қалауы өнеркәсіпте жұмыс істеу болды. Жоқ, ол Карметке бармайды, Қостанайға, өзі жұмыс істеген кәсіпорынға оралады. Ешкім Мәжілістен түңілген жоқ. Динара, керісінше, өте үлкен тәжірибе алғанын айтуда. Ең бастысы, ол Парламент парағын түбегейлі жапқан жоқ. Болашақта бұл тақырыпқа қайта оралуы мүмкін», - деді партия басшысы.