"Штрафстан" деген ұғым пайда болды: Аймағамбетов елдегі айыппұл мәселесін көтерді

Қаракөз Амантай 27 қаң. 2025 11:15 25814

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов елде өзекті болған айыппұл мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Айыппұл мәселесі – қоғамда қызу талқыланып жүрген тақырыптардың бірі. Бұны сипаттау үшін арнайы  “Штрафстан” деген неологизм пайда болды. Бұл ұғым айыппұлдардың әділ емес екенін және олардың тек бюджетті толықтыру құралы ретінде пайдаланылуына наразы азаматтардың көзқарасын бейнелейді. Дегенмен кейбіреуі айыппұлдарды тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін маңызды құрал ретінде де санайды. Өкінішке қарай, көп адам әкімшілік жазалар жүйесі өзінің негізгі мақсатынан (бұзушылықтардың алдын алу және түзеу) ауытқып, бюджет табысын арттыру тәсілі ретінде қабылдап жатыр”, – деп жазды Аймағамбетов.

Осыған байланысты депутат нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

“Айыппұлдың мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Айыппұлдар – бүкіл әлемде құқық бұзушылықтардың алдын алу және әділдікті қалпына келтіру үшін қолданылатын құрал. Алайда олардың қолданылуы тек бюджетті толтыру құралы ретінде емес, ақылға қонымды, әділетті және мәселені шешуге бағытталған болуы керек”, – деп мәлімдеді депутат.

Осы тұста Асхат Аймағамбетов бірнеше мысал келтірді: 

Мектептерге айыппұл салу мәселесі

"Үш ауысымда жұмыс істейтін немесе жабдықтары мен жөндеу жұмыстары жеткіліксіз мектептерге айыппұл салу фактілері бар. Бірақ мектеп директоры қаржыландырудың жетіспеушілігі немесе әкімдіктің жаңа үйлер салып, мектеппен қамтамасыз етпеуі сияқты жүйелі мәселелерге жауапты бола алмайды. Дегенмен әрбір директорға 600-900 мың теңге аралығында айыппұл салынады", – деп атап өтті мәжілісмен.

Көлік тұрағына қатысты айыппұлдар

“Көлік тұрағының ақысы – 100 теңге, ал оны төлемеген жағдайда айыппұл мөлшері – 200 есе артық”, – деді депутат.

Көлік қыздыру үшін салынатын айыппұлдар

20 жыл бұрын тұрғын үй аумағында автокөлікті бес минуттан артық жылытуға тыйым салатын әкімшілік норма енгізілген болатын. Экологияға қатысты Германия тәжірибесімен салыстыруға болады, бірақ еліміздің климаттық жағдайларын ескеріп, бұл мәселеге сараланған көзқарас қажет”, – деп түсіндірді Аймағамбетов.

Айыппұлдардың үйлесімсіздігі мен штрафоцентризм қаупі.

Әділетсіз және шамадан тыс айыппұлдар алдын алу функциясын орындамай, керісінше жүйеге деген сенімді әлсіретеді. Айыппұлдар бюджеттің негізгі кіріс көзіне айналған кезде, олардың бастапқы мақсаты – тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету – қаржылық пайда табу мүддесіне ығысады”, – деді депутат.

Аймағамбетов мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс жасады:

  • Айыппұлдардың мөлшерін әділтүрде бекіту. Құқық бұзушылықтың ауырлығына сәйкес болуы керек.
  • Мектептерге қатысты.Директорларды жазалау орнына, бұл мәселелер қаржыландыруға жауапты органдар деңгейінде шешілуі қажет.
  • Ұсақ құқық бұзушылықтарға қатысты.Көлік тұрағы секілді жағдайларда айыппұлдардың мөлшері жеңілдетілген және сараланған болуы тиіс.
  • Білім беру компонентін енгізу.Кейбір жағдайларда айыппұлдар оқыту шараларымен қатар қолданылуы керек: құқық бұзушыларға арнайы курстар, қоғамдық жұмыстар ұсынылуы мүмкін.
  • Айыппұлдардың мақсатты пайдаланылуы.Айыппұлдардан түскен қаржының бір бөлігі нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Мәселен, бұл қаражат мектеп салуға немесе онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалуы керек. Халық айыппұлдардың қоғам игілігі үшін жұмсалғанын көруі қажет.
  • Нұсқаулықтарға жол бермеу.Әкімшілік айыппұлдар бюджетті толтыру құралына айналмауы тиіс.

Аймағамбетовтың айтуынша, жүйе түбегейлі қайта қаралып, реформалануы қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар