ШҚО құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасының ақпаратына сүйенсек, инвестор аккредиттелген ұйымды тарту арқылы кешенді техникалық тексеруді жүзеге асырған. Қазір білім беру мекемесінің құрылысын аяқтауға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді жүргізіп жатыр.
– Жасалған шартқа сәйкес инвестор ЖСҚ әзірлеу аяқталғаннан кейін құрылысты 18 ай ішінде аяқтауға міндетті, – делінген ақпаратта.
Өз кезегінде білім беру саласындағы облыстық уәкілетті орган қажеттілігі мен оқушылар контингентін ескере отырып, білім беру мекемесінің бейінін анықтауы керек. Осы зерттеудің нәтижелері бойынша жаңа объектінің бағыты шешілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 19 тұрғын ауданында орналасқан құрылыс объектісі 2011 жылы ҚР Білім министрлігінің тапсырысы бойынша республикалық бюджет есебінен басталған болатын.
Онда жыл сайын кем дегенде 700 студент оқып, машина жасау саласының жұмысшы мамандықтарын игеруі керек еді. Алайда бюджет қаражатын ұрлау фактілері анықталып, нәтижесінде уәкілетті органдар 2012 жылы ҚР БҒМ жауапты тұлғалары мен құрылысқа қатысушыларға қатысты қылмыстық іс қозғады.
Осы орайда 19 тұрғын ауданында тұрғын үй құрылысының серпінді өсіп келе жатқанын айтып өту қажет. Ауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде қуаты 2024 жылы іске қосылатын 600 орындық 2 жалпы білім беретін мектептің құрылысы басталды. Сондай-ақ білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 400 орындық білім беру мекемесін салу мәселесі пысықталып жатыр.