Кеңестің бейне-селектор режимінде өткізілуі облыстық аппарат қызметтерінің барлық басшыларының, аудандық басқармалар мен бөлімдердің бастықтары мен жеке құрамының қатысуына мүмкіндік берді.
Полиция департаментінің бастығы С.Мадиев өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері департамент басшылығының қатаң бақылауында екенін атап өтті. Сыбайлас жемқорлықтың және басқа да заңдылықты бұзу фактілерінің алдын алу, жолын кесу және анықтау мақсатында өзіндік қауіпсіздік бөлімшелерімен тұрақты негізде жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізіледі.
Сонымен қатар, кеңес барысында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ҚР ҚІЖК 200-бабы тәртібінде ұсынымы талқыланды. Атап айтқанда, 2019 жылы және ағымдағы жылдың 8 айы ішінде облыстың ішкі істер органдарының атына қылмыстық құқықбұзушылық және басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою бойынша 52 ұсыным енгізілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша 43 қызметкер түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Талдау көрсеткендей, қылмыстардың көпшілігін әкімшілік полиция, жедел-тергеу қызметі, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері жасаған.
Олар негізінен қылмыстық істерді заңсыз тоқтатқаны, әкімшілік жауапкершіліктен босатқаны үшін пара алумен байланысты.
– Барлықтарыңызды өз борыштарыңызды адал орындауға, заңсыздықтарға жол бермеуге шақырамын. Мұның бәрі ерте ме, кеш пе белгілі болады. Сонда құқықтық салдары болады, – деп атап өтті Е.Жалмағамбет.
Қорытындылай келе, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы полиция департаментінің барлық құрылымдық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді және қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қамтамасыз ете отырып, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеуді ұсынды.
Кеңес соңында ШҚО ПД бастығы С.Мадиев барлық қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы қатаң сақтау туралы ескертті және бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кез келген азамат 24/7 режимінде жұмыс істейтін 1424 Call орталығы арқылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлай алатынын естеріңізге саламыз.