Шығыс Қазақстан облысының бірнеше қала, ауданында дауыл соқты. Қатты жел Риддер қаласының тұрғындарына ең көп залал келтірді. Электр желілерін зақымдап, тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттардың шатырларын ұшырып, ағаштарды құлатты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Алдын ала деректерге сәйкес, Риддерде электр беру желілері ішінара зақымдалып, тұрғын және шаруашылық нысандардың шатырлары жұлынып, ағаштар мен түрлі құрылымдар құлады. ДОСААФ ауданында Л-61 желісінің ПС-1 қосалқы станциясынан апатты түрде ажыратылуына байланысты шамамен 1237 тұтынушы электр қуатынсыз қалды. Қалпына келтіру жұмыстарына екі апаттық бригада жұмылдырылды, үшіншісі жасақталуда. Жұмыстар күн соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
"Жедел әрекет ету штабы құрылды. Коммуналдық және апаттық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Азаматтардың өтініштері қабылданып, жедел түрде қаралуда. Жағдай жергілікті билік тарапынан бақылауда", - делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Табиғат апаты Ұлан ауданын да айналып өтпеді. Бозанбай ауылында 1972 жылы салынған ғимараттың қосалқы құрылысына орнатылған сайдингтің 70 шаршы метрі ұшып кеткен — бұл “Айгөлек” балабақшасына тиесілі. Қасым Қайсенов кентінде Балалар шығармашылық үйінің футбол алаңындағы жасанды жабын зақымданды — 2300 шаршы метр алаң бүлінді. Абырой болғанда, барлық жағдайларда адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ.
Өскемен қаласында дауылды жел “Халифа Алтай” мешітінің күмбезіне зиян келтірді. Қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, демеушілер мен кәсіпкерлер белсенді түрде көмектесуде. Қалада жел салдарынан құлаған ағаштар мен құрылымдар жойылуда. Островский, Прибрежная, Демьян Бедный, Добролюбов, Сәтпаев, Ғ. Аязбаев көшелерінде түрлі заттар мен ағаштар құлаған. Қалалық алаңда да құрылымдардың құлауы тіркелді, соның ішінде Крылов көшесі, 45 мекенжайы маңындағы белгілер құлаған. Есенберлин көшесінде бағдаршам істен шықты, қозғалыс қолмен реттелуде. Серікбаев көшесі, 1/2 мекенжайындағы балконда түтіндеу тіркеліп, өрт тез сөндірілді, зардап шеккендер жоқ.
Шемонаиха да дауылдың зардабын тартты. 3-ші ықшамауданда бес қабатты тұрғын үйдің шатыры ішінара ұшып кеткен. Зақымданған аумақ — 300 шаршы метр, жөндеу жұмыстары небәрі бір жыл бұрын жүргізілген. Оқиға орнында ТЖД және жергілікті атқарушы органдар жұмыс істеді.
Сонымен қатар, Өскемен қаласында және облыстың бірнеше аудандарында қоқыс пен құрғақ шөптің өртенуіне байланысты бірнеше оқиға тіркелді.
Глубокое ауданында “Алтын Шығыс” ЖШС аумағында 300 м² қоқыс пен майлы дақыл қалдықтары, 100 м² құрғақ шөп жанды — залал келтірілген жоқ.
Катонқарағай ауданында жол бойында 1,5 га аумақта өрт болды, құтқарушылар жұмылдырылды.
Күршім ауданында 500 м² аумақта құрғақ шөп жанды, Марқакөл ауданында 0,3 га аумақта қоқыс пен көң жанды.
Ұлан ауданы Гагарино ауылында 80 м² аумақта қоқыс пен көң шіріп, жану орын алды — ТЖД (4 адам, 1 техника) және МАӨ (2 адам, 1 техника) сөндірді. Айыртау ауылында 25 га ашық аумақта құрғақ шөп жанды — МАӨ (3 адам, 1 техника), ТЖД (14 адам, 1 техника) және Айыртау ПП (2 адам, 1 техника) сөндірді. Алмасай ауылында Бекбау көшесі, 34 мекенжайында 200 м² аумақта қоқыс жанды. Ново-Азовое ауылында Степная көшесінде 200 м² аумақта қоқыс пен көң жанды — ТЖД және МАӨ күштерімен өрт сөндірілді.
Риддер қаласында қосымша құрғақ шөптің жану оқиғалары тіркелді. Пионерская көшесі, 71 мекенжайында 100 м² аумақта өрт шықты, қала шетіндегі 10 м² және Круглая сопка маңында 580 м² аумақ жанып, барлығы сәтті сөндірілді.
Барлық төтенше жағдайлар қызметтері өңірде күшейтілген тәртіппен жұмысын жалғастыруда. Әкімдіктер жағдайды бақылауда ұстап, жинау, қалпына келтіру және келтірілген зиянды бағалау жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті тұрғындарға жедел штабтарға жүгінуге болады, олардың өтініштері жедел түрде қаралады.
Жойқын зардаптарға қарамастан, барлық қызметтердің үйлесімді және жедел жұмысының арқасында өңірде зардап шеккендер мен қаза тапқандар тіркелген жоқ.