ШҚО-да 12 аса қауіпті ауруға қарсы ауқымды ветеринарлық-алдын алу шаралары жүргізіледі. Жалпы көлемі 4,7 миллион дозаға жуық вакцинациялау жоспарланған. Бұл туралы ШҚО Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Басқарманың мәліметінше, бүгінгі таңда облысқа 2,2 миллион доза биопрепарат жеткізілген, бұл жалпы көлемнің 46%-ын құрайды. Өңірде алдын алу мақсатында жалпы саны 539 мыңнан астам ветеринариялық іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, ірі қара малға сібір жарасы, аусыл және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы екпелер егілді. Сонымен қатар, иттер арасында құтырма, ал жыртқыш жануарлар арасында эхинококкоз ауруының алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
— Ветеринариялық қызметтің күшеюі — азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Жануарлардың денсаулығы ет, сүт және басқа да өнімдердің сапасына тікелей әсер етеді, — деп атап өтті Ертай Батхолдин.
Өңірде 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді, олар 99 ветеринарлық пунктті біріктіреді. Бұл пункттерде 475 маман еңбек етуде. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында олар 60 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Барлық құжат айналымы «ЕАСУ», «ИСЖ» ақпараттық жүйелері мен «VET-MOBILE» мобильдік қосымшасы арқылы электрондық форматта жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда жылдық жоспардың 20,8%-ы орындалып, 100 мыңнан астам жануар тіркеуден өтті. Бұл шаралар мал басын және барлық ветеринарлық рәсімдерді тиімді бақылауға мүмкіндік береді.