Биылғы жылғы маусымның аяқталуына орай аймақта бірқатар шаралар өтті. Соның ішінде, әр аймақтан келген 100-ден астам өкіл және шығысқазақстандық «Жасыл ел» жастар қозғалысының мүшелері «Green city» атты тимбилдингте бас қосып, тәжірибе алмасты. Кейін «Қазақстандағы жасыл технология дамуы» тақырыбында пікір таласып, ойларымен бөлісті.
– «Жасыл ел» қатарына қосылып жатқан жастардың саны әр жыл сайын өсіп келеді. Биылғы маусымның өзіне 18 мыңнан астам белсенді қатысты. Бүгінгі күні әлемде жасыл технология, жасыл экономика мәселері өзекті болғандықтан, осындай ірі бағдарламалар қолға алған жобалар іске асуы қажет, – деді ҚР Дін және азаматтық қоғам министрлігінің жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Ғабидулла Оспанқұлов.
Маусым қорытындысына арналған шаралар салтанатты жиынмен жалғасын тапты. Биылғы маусымда үздік болып танылған «Жасыл ел» мүшелерін марапаттаған ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева аталмыш қозғалысты жастардың қолдайтындығына сенімді екенін жеткізді.