Осы мәселе көтерілгеннен кейін шымкенттік полицейлер «Гарант» дүкенінің алдындағы б/у «сотка» сататын азаматтарды жаппай тексере бастады. Бұл туралы жергілікті «Отырар» телеарнасының тілшілері хабарлап отыр. Рейдке Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы Данияр Мейірханның өзі шығып, әзірге тек түсіндіру жұмыстарымен шектелді. Дегенмен, қалада экстремизммен күрес барынша қатаңдайтын болады дейді ол.
«Өздеріңізге белгілі, 18 шілдеде Алматыда 5 адамды атып өлтірген лаңкес Руслан Күлекбаев радикалды діни бағыттардың бірін ұстанады. Ол Шымкенттегі ескі аэровокзалда ұялы телефон сатумен айналысқан. Ол секілді саудагерлердің қолынан өтетін телефондарда әдетте экстремистік көзқарастағы теріс діни уағыздар айтылатын аудио және видеоматериалдар сақталады. Яғни, адамдардың миын улау осындай әдіс арқылы да жүргізіледі. Аталған уағыздарды тыңдаған немесе көрген адамдар радикалды ағымға еніп кетуі мүмкін» , - Данияр Мейірхан өзінің Facebook-парақшасында.
Тәртіп сақшылары «Гарант» дүкенінің маңындағы заңсыз саудамен 2012 жылдан бері күресіп келеді. Алайда, саудагерлер жолын тауып, «сотка" базарына айналған орынды тастап кеткен емес.
ДЕРЕККӨЗ: sn.kz