Шымкентте мұғалім оқушыны ұрғаны үшін 25 тәулікке қамауға алынды

Қаракөз Амантай 22 там. 2025 13:46

Шымкентте мұғалім оқушыны ұрғаны үшін 25 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға биыл наурыз айында лицей-мектептердің бірінде болған. Сабақ өтіп жатқан кезде мұғалім есікті қатты қаққан оқушыға бірнеше рет қол көтерген. Бұл сәт оқу орнында орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Айыпталушы өз кінәсін мойындап, соттан бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Алайда сот ер адамды ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы бойынша ("Кәмелетке толмағанға әдейі жеңіл дене жарақатын келтірмей, дене ауыртпалығын салу") кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамау жазасын кесті.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушысының оқудан шығарылуы қоғамда қызу пікірталас тудырған еді. 23 мамырда мектеп әкімшілігі жасөспірімді тәртіп ережесін бұзды деп оқудан шығарған. Кейіннен оқушы видеоүндеу жасап, кінәсін мойындап, кешірім сұрады.

Мектеп ұсынған мәліметке сәйкес, қорытынды бағалау кезінде оқушы телефон қолданған, мұғалім ескерту жасағанда, ұстазға балағат сөз айтқан. Осы оқиғадан кейін мәселе тәртіптік кеңесте қаралып, оқушыны мектептен шығару туралы шешім қабылданған.

Жасөспірім жариялаған бейнеүндеуде өз әрекетіне өкініш білдіріп, бірнеше рет кешірім сұрағанын айтады. Ол оқуын сол мектепте жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрап, қажет болса, қоғамдық жұмысқа тартылуға немесе өзге тәртіптік шараларға дайын екенін мәлімдеген. Сонымен бірге, мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан өзіне қатысты жалған ақпарат таралғанын жеткізді.

"Егер маған осы мектепте оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берілсе, тәртіптік жазаға да, қоғамдық жұмысқа да дайынмын", – деді ол бейнеүндеуінде.

Оқушының жағдайы ушығып кеткен соң, қоғам белсендісі Аида Букаева оның денсаулығы күрт нашарлағанын хабарлады. Оның айтуынша, жасөспірім бірнеше күн тамақ ішпей, жүйке жүйесі сыр берген, тіпті жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар