Шымкент тұрғынының партия жетекшісіне жазған арызын полиция қараусыз қалдырды

Қаракөз Амантай 11 жел. 2025 10:08

Шымкенттік белсенді Назира Жүргенбаева Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Алматы облыстық филиалының жетекшісі Нұрым Нұрлыбековке қатысты құқық қорғау органдарына арыз берді. Алайда полиция оның өтінішін қараусыз қалдырып, номенклатуралық іске жіберген.  Бұл туралы Feminita бастамасы Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқиға неден басталды?

5 желтоқсанда Нұрлыбеков әлеуметтік желіде ЛГБТ өкілдеріне қатысты “бәрін атып тастар едім” деген мазмұндағы жазба қалдырған. Оның бұл әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырып, бірқатар ұйым филиал жетекшісін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бастама көтерді. 

Ұйымдардың пікірінше, Нұрлыбековтің сөзі зорлық-зомбылықты насихаттайды және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілерін қамтиды.

Арыз бергеннен кейінгі жағдай

Назира Жүргенбаева Нұрлыбековке қатысты арызды Біріңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінің ашық секторында онлайн түрде жолдаған. Арыз тіркелгеннен кейін 30–40 минут ішінде белсендінің үйіне учаскелік полиция инспекторы барған. Feminita мәліметінше, инспектор арызды кері қайтарып, оны “жауап берушінің тұрғылықты жеріне жіберуді” ұсынған. Оның сөзінше, полиция Нұрлыбековті Алматыдан Шымкентке шақыра алмайды.

Белсенді арызды қайтарып алудан бас тартқан соң, оқиға орнына тергеу тобы келіп, одан түсініктеме талап еткен.

Арыз қараусыз қалды

Арыз тіркелгеннен кейін 18 сағат өткен соң, Жүргенбаева 1414 қызметі арқылы Шымкент полициясынан ресми жауап алған. Онда арыз бойынша бастапқы тексеріс жүргізілгені, алайда “арыз қараусыз қалдырылып, номенклатуралық іс ретінде тіркелгені” хабарланған.

Белсенді жариялаған ақпаратқа сәйкес, арыз мәртебесін ERDR порталынан тексеру мүмкін болмаған, жүйе 504 және 401 қателіктерін көрсеткен. Сонымен қатар арызды қабылдаған тергеуші қоңыраулар мен хабарламаларға жауап бермеген.

Feminita пікірі

Feminita мұндай шешімнің бірнеше маңызды аспектісін атап өтті:

• арыз қабылданып, тіркелген;

• алайда нақты тергеу басталмаған;

• белсендіні арызын кері қайтаруға итермелеу әрекеттері болған;

• іс ресми түрде архивке жіберілген.

Ұйым өкілдерінің айтуынша, полицияның бұл әрекеті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын бұзады. Себебі арыз бойынша толық тексеріс жүргізіліп, құқықтық баға берілуі тиіс. “Номенклатуралық іске жіберу” – тергеу жүргізуден фактілік бас тарту ретінде бағалануда.

Feminita бұл жағдайды “полицияның және мемлекет жүйесінің азаматтарды қорғау міндетін орындамауының белгісі” деп атады. Ұйымның пікірінше, егер мемлекеттік органдар жария түрде айтылған өлім қатерін дұрыс қарамаса, бұл – қате емес, жүйелік салғырттықтың көрінісі.

Белсендінің әрекеті

Feminita белсендінің арыздан бас тартпағанын, полицияның келуін тіркегенін және ресми жауап алғанын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар