Шығытсан шыққан Шыңғыс олимпиада шыңын бағындырды

Шығытсан шыққан Шыңғыс олимпиада шыңын бағындырды
Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірті Шыңғыс Тоқанов химия пәнінен Қ.Сәтбаев атындағы V Республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

9 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған білім бәйгесі биыл Қарағанды қаласында өтті. Оған еліміздің әр аймағынан 73 үміткер қатысты. Шыңғыс олимпиада қорытындысы бойынша 101 ұпай жинап, І орынға ие болды.

– Олимпиада онлайн өткізілгенімен қатаң бақыланды. Талап бойынша оқушының өзі мен тест тапсыратын ноутбук экраны толықтай қадағаланып отырды. 60 сұрақ берілді. Бір атап өтерлігі – әр сұрақтың бір немесе екі, тіптен үш жауабы болуы мүмкін. Сондықтан атүсті қарауға болмайды. Әр сұраққа мұқият назар аудару керек. Осы қағидаларды берік ұстанған Шыңғыс өз білімін дәлелдей алды, – дейді жетекшісі әрі химия пәнінің мұғалімі Асылбек Оразбеков.

Шыңғыс – Зияткерлік мектепке қабылданған сәттен бері химияға деген қызығушылығын байқатқан. Осыны байқаған ұстаздар шәкіртке қосымша білім беріп, түрлі дайындық жұмыстарын жүргізіп келеді. Ал пән олимпиадасы шыңын бағындыру осы еңбектің нәтижесі.