Шараға арнайы қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов осы кездесуде дін мен қоғамның диалогына қатысты пікірін ортаға салған.
"Мешіт тек діни құлшылық ететін орны ғана емес, сондай-ақ салт-дәстүрді, тарихымызды насихаттайтын рухани орталыққа айналуы тиіс. Қазіргі заман талабы да осы", – деген болатын Даниал Кенжетайұлы.
Күні кеше Шығыстағы діни мамандар жетіспейтін мешіттерге қызметке тағайындалатын үміткерлердің біліктілігін сараптау мақсатында облыстық «Халифа Алтай» мешітінде діни сараптама өтті.
Комиссия мүшелері діни қызметке үміткерлердің білімі мен біліктілігін сараптады. Олар Құран мен ақида және фиқһ ілімдерінен сынақ тапсырды. Сонымен қатар Имамдар форумында қабылданған концептуалды құжаттар, Діни қызмет туралы заңдар бойынша сынақ тапсырды.
Сараптама жұмысы туралы Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы:
«Өңірдегі бірқатар мешітті имамдармен қамтамасыз ету бағытында осы сараптама жұмысы ұйымдастырылып отыр. Сынаққа қатысушылар – діни білім жетілдіру курстарынан өткен қызметке лайық үміткерлер. Заман талабына сай діни қызметкерлеріміз жан-жақты, білімді болуы шарт. Олар Құран, ақида, фиқһ және ҚМДБ-ның негізгі құжаттарын жеттік меңгеріп, талаптарға сай болуы тиіс» деп атап өтті.
Өскемен өкілдігі сараптамаға тыңғылықты әзірлік жасап, жоғарғы деңгейде ұйымдастырды. Сараптамадан оң нәтиже көрсеткен діни қызметке үміткерлер ҚМДБ төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен мешіттерге діни қызметке тағайындалады.