Баланың телефонға тәуелді болып бара жатқанын қалай байқауға болады?

Баланың телефонға тәуелді болып бара жатқанын қалай байқауға болады?
Фото: Organic Media/Getty Images

Смартфондар балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Алайда гаджетті шамадан тыс пайдалану олардың мінез-құлқына, оқуына, ұйқысына және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мамандар бұл мәселе әсіресе жасөспірімдер арасында жиі кездесетінін айтады.

The Conversation басылымының мәліметінше, жасөспірімдердің миы әлі толық қалыптасып бітпейді. Әсіресе, өзін-өзі бақылауға, жоспарлауға және өз әрекетінің салдарын бағалауға жауап беретін ми бөліктері даму кезеңінде болады.

Сондықтан жасөспірімдер әлеуметтік желідегі лайк, пікір, хабарлама мен басқа да жылдам кері байланыстарға ересектерге қарағанда көбірек мән беруі мүмкін.

Баланың гаджетке тәуелді екенін қалай байқауға болады?

Мамандар бірнеше белгіге назар аударуға кеңес береді. Соның ішінде телефонға келген хабарламаларды үнемі тексеру, бос уақытын гаджетсіз өткізе алмау және жақындарымен бетпе-бет сөйлесуге қызығушылықтың азаюы бар.

Сонымен қатар бала сабақ пен басқа да маңызды істерді кейінге қалдырып, телефонға көбірек уақыт бөле бастаса, бұл да алаңдататын белгі болуы мүмкін.

Түнде смартфонды ұзақ пайдалану ұйқы режиміне де әсер етеді. Соның салдарынан бала күндіз шаршаңқы жүруі ықтимал.

Смартфонға тәуелділік қалай қалыптасады?

Ғалымдардың айтуынша, мұнда күтпеген марапат алу механизмі маңызды рөл атқарады. Жаңа хабарлама, лайк немесе ескерту келген сайын адам қысқа уақытқа жағымды эмоция сезінуі мүмкін.

Malim.kz басылымының жазуынша, уақыт өте келе ми осындай реакцияға үйреніп, телефонды жиі тексеру әдетке айналады. Кейде смартфон жай ғана көз алдында тұрғанның өзінде оны қолға алып, экранын тексеруге деген құлшыныс пайда болуы мүмкін.

Ата-аналар не істей алады?

Мамандар ең алдымен ата-аналардың өз гаджет қолдану әдетіне назар аудару керектігін айтады.

Отбасы мүшелері бірге отырған кезде телефонды мүмкіндігінше шетке қою, смартфондарды үнемі қолжетімді жерде ұстамау және гаджет қолдануға қатысты ортақ ереже белгілеу пайдалы болуы мүмкін.

Мұндай талап тек балаға ғана емес, бүкіл отбасыға ортақ болғаны дұрыс.

Сарапшылардың пікірінше, ата-ананың жеке үлгісі мен үйдегі түсінікті ережелер баланың гаджетке шамадан тыс әуестенуінің алдын алуға көмектеседі.