Өңірдегі мектептерде жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесіне көшу ісіне баса назар аударылуда. Бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды.
Мәселен 5 379 мұғалім курстан өтіп, жаңартылған мазмұндағы 1,5 миллион оқулық сатып алынды. Қорыта айтқанда, соңғы төрт жылдың көлемінде 25 мыңнан астам мұғалім жаңартылған бағдарлама бойынша курстан өтті.
Сонымен қатар үш тілді білім беру бағдарламасы бойынша да жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы, 2019-2021 жылдары көптілділікті дамыту мақсатында кешенді жоспар жасалғанын атап өтіп, аталмыш бағдарлама аясында француз, неміс тілдері де оқытылатынын жеткізді.
Алдағы уақытта мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде сабақ беретін 3700 мұғалім қайта даярлаудан өтеді.
Сондай-ақ білім беру кешендерінің инфрақұрылымын дамыту да актуальды болып тұр. 2022 жылға дейін республикалық бюджеттің есебінен 3,6 мың орынға арналған бес мектеп салынады. Бұл нысандар Семей, Риддер қалалары мен Абай ауданы Қарауыл ауылында бой көтереді.
Ағымдағы жылы 2900 орындық екі мектеп қолданысқа беріледі. Соның бірі Өскеменде салынса, екіншісі Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында салынады.
Бұдан бөлек жоспарға сәйкес Семейдегі мектептің инновациялық жобасы қолға алынады. Онда оқушылар әлемдегі үздік технологияларды меңгереді. Ал облыс орталығында 700 орындық мамандандырылған дарынды балаларға арналған математика мектебі бой көтереді. Оның ішінде 320 бала аудандар мен қалалардан келеді.