Шетелде тұратын “Болашақ” стипендиаты Ғылым министрлігін сотқа берді

Қаракөз Амантай 14 там. 2025 10:03

"Болашақ" бағдарламасының стипендиаты шарт талаптарын орындамай, Қазақстанда белгіленген 5 жылдық еңбекті өтемегені үшін стипендиядан айырылды және оның оқуына жұмсалған мемлекеттік шығынды өтеуге міндеттелді. Стипендиат бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астана сотының дерегінше, 2013 жылы 25 желтоқсанда азамат С-ға АҚШ-тағы Boston University университетінде магистратура бағдарламасы бойынша оқу үшін "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалған. Кейін қазақстандық магистр дәрежесін алу үшін білім алған. Оқуды аяқтаған соң С-ға еңбек өтеуді кейінге қалдыруға рұқсат берілді, себебі ол тағылымдамадан өтуге кеткен.

Тағылымдамадан кейін талапкер жеке ұйымдарда жұмыс істеген. Қазір ол ЖШС-де экономист қызметін атқарады. Жұмыс кестесі икемді, қашықтан жұмыс істейді. Алайда ол соңғы екі жылдан бері Қазақстан аумағында тұрмайды. ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, азамат С. 2023 жылғы 1 мамырда елден шығып кеткен және содан бері оралмаған.

"С-ға Қазақстан аумағында еңбек өтеуді бастау қажеттігі жөнінде бірнеше рет ескерту хаттар жіберілген. Комиссияның шешімімен С. "Болашақ" халықаралық стипендиясынан айырылып, еңбек өтеу жөніндегі келісімшарт міндеттемелерін орындамағаны үшін мемлекет жұмсаған шығынды өтеу міндеті жүктелді", – деп хабарлады сот.

Бұл шешімге келіспеген азамат С. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігін сотқа беріп, оны "Болашақ" стипендиясынан айыру туралы республикалық комиссияның шешімін заңсыз деп тануды және күшін жоюды талап етті. Алайда 2025 жылғы 1 сәуірде Астана соты талап арызды қанағаттандырудан бас тартты.

Соттың пайымынша, талапкер Қазақстан аумағында міндетті еңбек өтеу шартын орындамаған.

"Келісімшарт талаптарына сәйкес, стипендиат оқуын толық аяқтап, диплом алған күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде Қазақстанға оралуға, елге кіргені жөніндегі паспорттағы белгі көшірмесін ұсынуға және алған мамандығы бойынша кемінде бес жыл үздіксіз еңбек етуге міндетті", – деп түсіндірді сот.

Сондай-ақ, келісімшарт пен бағдарлама ережелерінде еңбек өтеуді қашықтан орындау мүмкіндігі қарастырылмағаны атап өтілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар