Себебі назардан тыс қалады. Қазіргі еліміздегі діни таластың артуына көптеген себептер бар. Қазір тек біреуіне ғана тоқталсам. Бұл халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан дін түсінігіне қайшы көріністер мен діни практикалар. Оны таратқан ауызекі тілде дәстүрлі емес деп белгі тағып жүрген ағым өкілдері. Олар қалай тарады елімізде дейтін болсақ, шет елде діни білім алудан, шет елден діни білім беретін адамдардың келуімен басталды. Өзімізде діни уағыз айтатын, шариғаттың ақ пен қарасын ажырататын білімді адам аз болды. Бар болғандарының өзі салт пен сабақтастырып, дәстүрмен көмкеріп дінді түсіндіре алмады. Міне сол кезде шет елден елімізге діни білім беретін оқу орындары мен уағызшылар келіп, әртүрлі оқу орындарын ашты, қазірде олардың барлығы дерлік жабылды. Сонымен бірге олар өздеріне ұнаған, зерек санаған, талпынысы бар балаларды өз елдеріне жіберіп оқытты. Жас балалар барған соң ол жақтағы діни ахуалды, жамағаттың «қамқорлығын», әлеуметтік қолдау көрді. Діни біліммен қатар сол халықтың менталитетін де бойына сіңірді. Негізгі білім мен рухани құндылықты елімізде бойына сіңірмей барған жастар бар тапқанын ақиқат санады. Міне солар елге келген кезде немесе келмей сол жақтағы уағызын бастаған кезде дінге ашық халықтың арасында көп сұрақтар туындады. Қарсы келуге құдайдан қорықты, қарсы келмесе ондайды көрмеген ақыры біразы солардың артынан еріп жамағат болды. Қарсы келгендері діннен безе бастады. Ортада қара халық қарап отыр. Енді не істеу керек?! Енді шет елге әсіресе белгісіз діни орталықтарға жастарды мүлде жібермеу керек! Сол жақта жүргендер қатаң бақылауға алынуы тиіс! Себебі, қазір елімізде дінді оқыта алатын мамандар қалыптасты. Оқу орындары ашылды. Біз кім болғанбыз дегенге жауап бере алатын діндарлар шықты. Кім болуымыз қажет дегенді ұғына алатын ұстаздар бар. Еліміде қазір жұмыс істеп жатқан медресеколледжжеріміз бар. Жалпы исламтану бағытында жоғары білім беретін отандық оқу орындары да бар. Осылардың бірі Алматыдағы Нұр-Мүбәрәк университеті. Мұндағы ұстаздар да қазірде діннің әр тақырыбын терең меңгерген білікті мамандардан құралады. Сондықтан да буыны қатпаған, белі бекімеген жастарды шет елдерде діни оқу орындарында оқыту «би екеу болса, дау төртеу боладыдан» басқа ештеңеге әкелмейді. Ал қоғам ішіндегі діни сұранысты сапалы медреселер мен оқу орындары арқылы қамтамасыз етуіміз керек.
Кеңшілік Тышханұлы