Қазақстанда сырттай оқыған жылдар еңбек өтіліне қосылмайды

Қазақстанда сырттай оқыған жылдар еңбек өтіліне қосылмайды
Pixabay.com

Қазақстандық әйел университетте сырттай оқыған кезеңін еңбек өтіліне енгізуді талап етіп сотқа жүгінгенімен, барлық сот инстанциясында жеңіліп қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының мәліметінше, талапкер жоғары оқу орнында сырттай білім алған уақытын зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеуді сұраған.

Іс материалдарына сәйкес, әйел оқуын аяқтағаннан кейін төтенше жағдайлар органдарында еңбек еткен. Алайда зейнетақы рәсімдеу барысында сырттай оқу кезеңін еңбек өтіліне қосуға рұқсат берілмеген.

Сот еңбек өтіліне тек нақты жұмыс істеген кезеңдер немесе заңда арнайы көрсетілген уақыттар ғана енгізілетінін атап өтті. Ал сырттай оқу тұрақты еңбек қызметіне теңестірілмейді деген қорытынды жасалған.

Талапкер әлеуметтік кодексте оқу формасына қатысты нақты шектеу жоқ екенін айтып, кез келген оқу түрі еңбек өтілі ретінде танылуы тиіс деп уәж келтірген.

Соған қарамастан апелляциялық және кассациялық соттар да алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.