Шешенстандық оппозиционер экстрадицияланбайтын болды

Көркем Алдабергенова 25 ақп. 2026 09:23

Қазақстанның Жоғарғы соты шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялау туралы шешімнің орындалуын уақытша тоқтатты. Бұл туралы оның адвокаты Мурат Адам мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Адвокаттың айтуынша, экстрадиция Мовлаевтың өзіне босқын мәртебесін беруден бас тартуды заңсыз деп тану жөніндегі талабын сот қарап шыққанға дейін тоқтатылған.

Бұған дейін Қазақстан билігі Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Осыдан кейін Бас прокуратура оны Ресейге беру туралы экстрадициялық сұрауды қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдаған.

Айта кетейік, жуырда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті де Мовлаевтың шағымын тіркеп, Қазақстанды іс мәні бойынша қаралғанға дейін оны Ресейге бермеуге шақырған.

Мансур Мовлаев 1995 жылғы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Ол өз елінде оппозициялық қозғалысқа қатысып, Шешенстандағы қуғын-сүргін мен із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметтер жинаған. Бұған дейін Мовлаев есірткіге байланысты қолдан жасалған іс бойынша екі жыл түрмеде отырғанын мәлімдеген. Кейін ол Қырғызстанға қашып, содан кейін Қазақстанға өткен.

Адвокаттарының айтуынша, Мовлаев Шешенстан түрмесінде азапталған. Осыны анықтау үшін олар Ыстамбұл хаттамасына сәйкес, психолог маманды тартқан.

"2022 жылы қорғауымыздағы азаматқа азаптау қолданылған. Әрине, бізде бұл жағдайдың болғанын растайтын нақты дәлелдер жоқ. Мансур солай дейді – біз, адвокаттар, оған сенеміз. Бірақ лицензияланған психолог маман оны қарап, бұл жағдайдың шын болған-болмағанын анықтап көрсе дейміз. Бұл азаптауға қатысты әдеттегі жұмыс. Мұндай дәлелдерге бағаны сот береді. Біздің мақсат – осы зерттеуді алу. Себебі бұл материалды Мовлаевқа босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылданатын комиссияда және халықаралық органдарға жүгінуде пайдаланғымыз келеді", – деді адвокат Рена Керимова.

Алайда маманға Алматы уақытша ұстау изоляторында Мовлаевпен кездесу мүмкіндігі берілмеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove