Шерзат ісі: Нұрқанат Ғайыпбаевтың жарақаттары туралы сот-медициналық сараптама мәліметі жарияланды

Қаракөз Амантай 28 мам. 2025 12:25

Талдықорғанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті тыңдалымда қайғылы оқиға болған түні жарақат алған Нұрқанат Ғайыпбаевты тексерген сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов куәлік берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сараптама 2024 жылдың 9 қазанында жүргізілген. Жолымбетовтің айтуынша, Ғайыпбаевтың денесінде түрлі дене жарақаттары анықталған. Атап айтқанда, сол жақ көзінің астында 3 және 5 см көлемінде көгерген қанталау, оң құлақ тұсында – 2 және 1 см шамасында қанталау болған. Сондай-ақ шүйде бөлігінде жұмсақ тіндердің қабынуы тіркелген. Оң жамбасында 1,2 және 0,1 см көлеміндегі жара болған.

Медициналық қорытындыда Ғайыпбаевқа мынадай диагноз қойылған:

• Бас сүйек-миының жабық жарақаты

• Бас миының шайқалуы

• Маңдай және шүйде тұсындағы жұмсақ тіндердің зақымдануы

• Кеуде қуысының жабық жарақаты

• Оң жамбастағы бірнеше шаншыла кесілген жаралар

• Оң тізе буыны тіндерінің соғылуы

Сарапшының айтуынша, Ғайыпбаевтың жамбасына жасалған үш шаншыла кесілген жарақат бір құралмен, қысқа уақыт аралығында салынған. Бұл жаралардың арасы бірнеше секундтан аспаған.

Алайда сараптама оқиғадан бір апта өткен соң жүргізілгендіктен, жарақаттың нақты тереңдігін анықтау мүмкіндігі шектеулі болған. Жолымбетов жаралардың сипаты уақыт өте өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар