Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болат ісі бойынша сот талқылауы жалғасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Істі судья Ержан Жанұзақов жүргізіп жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр, олардың бірі – кәмелетке толмаған.
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Айта кетейік, аталған іс бойынша барлығы 9 адам айыпталуда:
– Абзал Шынасыл — ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық»), 99-бабы 2-бөлігі 4 және 5-тармақтары («Аса қатігездікпен қасақана кісі өлтіру»), сондай-ақ 24-баптың 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және оқталу») бойынша;
– Равиль Сакиев — 293-бап 3-бөлігі және 99-бап 2-бөлігі 7 және 9-тармақтары бойынша («Бұзақылық», «Аса қатігездікпен қасақана кісі өлтіру»);
– Шыңғыс Белқожаев, Дархан Аскентай, Нұрқияс Ілиясов, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Ғалиахмет, Азамат Тоқтаубаев — 293-бап 3-бөлігі бойынша («Бұзақылық»);
– Думан Ысқақ — 434-бап («Қылмыс туралы хабарламау») бойынша жауапқа тартылуда.
Сот отырысы ашық форматта өтіп жатыр. Процестің тікелей трансляциясы Жоғарғы Соттың ресми YouTube арнасында жүргізілуде.
Мәліметтерге сүйенсек, сот алдына келген айыпталушылардың төртеуі бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.
Атап айтқанда, Равиль Сакиев 2021 жылы 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған, Шыңғыс Белқожаев 2015 жылы бас бостандығын шектеу жазасына кесілген, Нұрқияс Ілиясов – 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алған. Ал Азамат Тоқтаубаев 2024 жылы 7 жылға сотталған. Айыпталушылардың екеуі — адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жауапқа тартылған.