Шерзат ісі: айыпталушының адвокаты судьяға қарсылық білдірді

Көркем Алдабергенова 28 мам. 2025 15:58

Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 28 мамыр күні түске дейінгі отырыста айыпталушы Абзал Шынасыл – Әбеновтың қорғаушысы іс жүргізіп отырған судья Ержан Жанұзақовқа қарсылық білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі бұл туралы ресми түсініктеме берді:

– ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 87-бабының 11-бөліміне сәйкес, істі жеке қарап отырған судьяға қатысты қарсылық (отвод) сол соттың төрағасы немесе басқа судья арқылы қаралады. Осыған байланысты, талапты осы соттың судьясы Бейімбетов А.А. қарайды. Сот процесінің нақты уақыты қосымша хабарланады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Полат ісі бойынша айыпталушылардың адвокаттары прокурорға да қарсылық білдірген еді, алайда ол өтінішті сот қанағаттандырмаған болатын.

"Прокурорға қарсылық білдіру Қылмыстық-процестік кодекстің 88-бабында көрсетілген. 88-бапта 87-бапқа сілтеме жасалады. Ол жерде қандай жағдайда прокурорға қарсылық білдіруге болатыны туралы тізбесі көрсетілген. Айыпталушылардың өкілдерінің беріп отырған негіздері ол талаптарға сай емес. Эмоциялық жағдай, басқа деген бапта негіз болып саналмайды. Сот бұл қарсылықты қанағаттандырмайды деп ойлаймыз", - деді адвокат.

Бүгін сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алу басталды. Прокурор Дана Сәрсенбай айыпталушы Дархан Әскентайға сұрақтар қойып бастаған кезде оның қорғаушысы прокурорға қарсылық білдіретінін мәлімдеді. Бұл қарсылықты қорғаушы тарап қолдады.

"Ол (Дана Сәрсенбай – еск.) сұрақтарды бұрмалап қойып, айыпталушыға қысым көрсетіп, дауыс көтеріп сөйлеп отыр. Біз мемлекеттік айыптаушыға қарсылық білдіреміз", – деді адвокат Мәулен Ержанов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар