Сейсенғазы Чукаевтың айтуынша, 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша ауданның 8 елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2130 метр жерге су құбыры тартылып, 8 құдық, 2 су сорғы орнатылған. Ал Боран ауылында, республикалық бюджет есебінен, ұзындығы 33,3 км су құбыры желісі салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыста 14 адам жұмыспен қамтылған. Су құбыры жүйесі биыл пайдалануға беріліп, 19 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Жалпы 2017 жылы аудан көлемінде қауіпсіз ауыз сумен 21 елді мекен қамтылған.
Аудан халқын жұмыспен қамту мәселесіне де жіті мән берілген. Кәсіпкерлерді қолдау картасы аясында «ГРК МЛД» ЖШС-нің «Қаршыға» мыс кен орнында кен байыту кешенін ашу жоспарланып отыр. 2018 -2024 жылдар аралығында кен өндеу басталса, жүздеген жұмыс орыны ашылары анық. Сонымен қатар, 2017 жылы жұмысы тоқтап қалған Бұқтырма балық өсіру және уылдырық шашу шаруашылығы Ақмол Холдинг компаниясымен бірлесіп шаруашылығын қайта жандандырды. Бүгінгі күні кәсіпорында 47 адам жұмыс істейді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында да жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекеттен көтерме ақы алып шаруасын дөңгелентіп отырғандар жеткілікті.
– Шекаралық елді мекендер мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Біздің аудан шалғайда жатыр. Мұнда халықты тұрақтандырып қалу маңызды мәселе. Әрине, қалалық жерге қоныс аударғысы келетіндер болады. Біз сол үшін ауылда тұрып жатқан халыққа барлық жағдайды жасауымыз керек, –деді аудан әкімі.
Жергілікті халықты тұрақтандырып қалу мәселесімен қатар, ауданда басқа аймақтардан көшіп келген отбасылармен халық санын арттыру да жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен жылы Күршімге құрамында 76 адам бар 23 оралман отбасы және еңбек күші артық өңірден 1 отбасы көшіп келген. Оларға жолақы субсидиясы және жалға беру коммуналдық қызмет төлеу шығындары берілген.
https://dalanews.kz/33561