Шардарада өткен экологиялық акцияға 60 чемпион қатысты

Ақтоты Жапатова 22 мам. 2025 14:51

Бүгін Шардара суқоймасының аумағында «Таза әлем — баршаға ортақ іс!» атты плоггинг өтті. Тазалық жұмыстарына армреслингтен 30 Әлем чемпионы, 20 Азия чемпионы мен 10 ел чемпионы қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Шара экологиялық сананы арттырып, туған елге деген сүйіспеншілікті оятуға, сондай-ақ жас ұрпақты еңбекқорлық пен жауапкершілікке және табиғатқа жанашыр болуға бағытталған.

«Бүгін Шардара су қоймасының жағалауын тазалау, қоқыстарын жинау жұмыстарына ауданның ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы – армрестлинг чемпиондары да өз үлестерін қосып отыр. Бұл – плоггинг спортшыларымыздың жастарға, өскелең ұрпаққа көрсеткен үлгісі. Армрестлингке келіп жаттығып жүрген жастар ағаларының жолымен апта сайын осы жағалауды тазалауға уәде беріп отыр. Біз өз кезегімізде жергілікті БАҚ өкілдері де қатысып, спортшыларымызға қолдау білдіріп келдік», деді "Өскен өңір" газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов.

Шардара суқоймасының жағалауында өткен плоггинг нәтижесінде 100-ге жуық адам қатысып, екі тоннаға жуық тұрмыстық және пластик қалдықтар жиналды.

Атап өтейік, халықты экологиялық мәдениетке шақыру бағытында облыста 7 263 іс-шара өтіп, оған 350 мыңға жуық тұрғын қатысқан.

Акция аясында облыс көлемінде 500 мыңнан аса ағаш отырғызылды. Іс-шараларға 2 168 арнайы техника жұмылдырылып, 8 мың тоннадан аса тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс шығарылды. Сондай-ақ @tazaqazbot телеграмм чат-бот арқылы 2197 өтінім түсіп, 2 167 өтінім дер кезінде орындалды. Ал 30 өтінім орындалу барысында тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар