Шаңырақ оқиғасы: 10 жылдан соң

Dalanews 14 шіл. 2016 16:47 1698



10 жыл бұрын Алматыда Шаңырақ ықшамауданында полиция мен тұрғындар арасында қақтығыс болған еді. Содан бері не өзгерді? Оқиға куәгерлері не дейді?





Осыдан 10 жыл бұрын «Шаңырақ» оқиғасы болды. Жерді заңсыз басып алды деген уәжбен салынған үйлерді сүруге келген билік өкілдері мен аранайы жасақты қара халық таспен қарсы алған еді.

Қазір «Шаңырақ» оқиғасы болған көшенің бойы қаз-қатар үйлерге толы. Осыдан 10 жыл бұрынғы толарсақтан келетін балшық пен үйілген қоқыс жоқ. Тіпті сол жылдары дүниеге келген балалар да ол оқиғадан бейхабар.

Алматы әкімшілігі заңсыз салынған құрылыстармен күресті – алдымен «Бақай» ықшамауданында бастады. 2006 жылдың шілдесінде Бақайдағы 500 үй бульдозермен қиратылды. Арада бір апта өткен соң үй күреу «Шаңырақ» ауылында жалғасты.

Шаңырақ. 2014 жылдың шілдесі.

Шаңырақ. 2014 жылдың шілдесі.


Шаңырақ ауылының тұрғыны Дайрабай Наурызбаев оқиғаны былай еске алады:

- Шілденің 14-і күні Шаңырақтағы үйлерді сырамыз деп келді ғой. 13-і күні кешкісін сондай болып жатыр екен дегенді естіп халық құлағдар болды. Сөйтіп түнімен ұйықтамастан жүрді, қай уақытта келіп қалатынын ешкім білмейді. Таңғы алтыда өрт машинасы, артынан бульдозерлары сүретін болып келе жатты.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, сол кездегі Әуезов ауданының әкімі Владимир Устюгов бір күн бұрын келіп үйлердің сүрілетінін ескертіп кеткен. Бірақ полиция ауылға кірген сәтте билік өкілдері наразы халыққа мән-жайды түсіндірмеді дейді тұрғындар. Дайрабай Наурызбаев бұл жайтты:

- Аудан басшысы, осы жердегі жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің басшылары жиналып тұрды. Бір кезде автобуспен ОМОН-дар кеп түсті ғой. Сосын халықтың көзі жетті, бейбіт түрмен келісімге келмейтінін түсінді, - деп еске алды.

Құқық қорғау күштерімен болған қақтығыста полицияның 150 қызметкері жараланып, оның 16-сы ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Тұрғындар оларды алдын-ала дайындалған жанатын заты бар бөтелкелермен және таспен атқылаған. Қақтығыс кезінде денесінің 70 пайызын күйік шалған Бостандық ауданының ІІБ қызметкері 24 жастағы Әсет Бейсенов қаза тапты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Шаңырақ оқиғасы (суретті басыңыз)


Сегіз айға созылған сотта жиырма айыпталушыға шартты түрдегі үш жылдық жаза тағайындалды.

Тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыппен, полицей өліміне кінәлі деп төрт адамды ұзақ жылдарға соттады, олар әлі түрмеде отыр. Олардың арасында азаматтық белсенді, диссидент ақын Арон Атабек бар. Ол қақтығыс күні Шаңырақта болған. Құқық қорғаушылар Атабекті саяси тұтқын деп жариялады. Түрмеде отырған Арон Атабекке халықаралық құқық қорғау сыйлығы берілді, оның өлеңдер жинағы былтыр Лондонда басылып шықты. Одан өзгелер, Құрманғазы Өтегенов - 16 жылға, Ерғанат Тараншиев - 15 жылға, Рүстем Тұяқов 14 лет жылға сотталды.

Шаңырақ оқиғасын ұйымдастырушы, әрі адам өліміне себепкер ретінде сотталғандардың бірі Рүстем Тұяқов сол кезде 22 жаста еді. Рүстем Тұяқовтың әпкесі Гүлзира Тұяқова 10 жыл бұрынғы оқиғаны былайша еске алды.

- Өзім де ана топқа кіріп кеткім келді. Милицияларға барып, «Аға,олардың қолында тас қана ғой. Егер сіздер қайтсаңыздар, оларда қайтады ғой деп жалынып милицияларға бара бердім. Бір уақытта органның адамы алақанын екі ұрды. Сатыр-сұтыр етіп бірден адам өртенді. Түк түсінбей қалдық. Халық ығы-жығы болып кетті. Мен інімді іздеп жүгірдім. Бір уақытта времянканың сырт жағында отыр екен. Курткасынан таныдым. Бетін басып отыр екен. Рүстем, Рүстем, саған не болды деп едім, «бетімді от шарпып кетті. Түсінбей қалдым. Не болып кетті» деді.

Шаңырақ ісі бойынша сотталған азаматтар: Арон Атабек (сол жақтан екінші), Құрманғазы Өтегенов (оң жақта). Алматы, 5 қазан 2007 жыл.

Шаңырақ ісі бойынша сотталған азаматтар: Арон Атабек (сол жақтан екінші), Құрманғазы Өтегенов (оң жақта). Алматы, 5 қазан 2007 жыл.


Шаңырақ ісі бойынша қозғалған соттың төрағасы болған Адайбек Бейімбетов «сотталғандардың шын мәнінде кінәлі екенін» айтады.

- Біреудің айтуы емес, біреудің көрсетуі емес, видео материал бар. Қалай өртеді, қалай әкелді, қалай байлады - бәрі көрініп тұр, қолмен қойғандай. Ол үкімге мен қазір де қол қоя аламын, - дейді ол.

Төрт адам ұзақ жылдарға түрмеге қамалып, бір адам тірідей отқа өртенген Шаңырақ оқиғасы ел жадында көмескіленіп келеді. Шаңырақтың кейбір бұрынғы тұрғындары көшіп кетіп, орнына оқиғадан хабарсыз өзге жандар келіп қоныстанған. Бір кезде оқиғаның бел ортасында жүрген адамдар да өткенді еске алғаннан гөрі, бүгінгісіне рахмет айтады. Шаңырақ ауылының тұрғыны Әсия Мизамбекова:

- Үйіміздің бәрін заңдастырып жатыр. Елдің бәрі жерлерін алып жатыр. Документтерін шығарды. Пропискіге отырды. Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа алғысымызды айтамыз, - дейді.

Шаңырақтың қазіргі бет-бейнесіне қарап 10 жыл бұрынғы кейпін елестету қиын. Ол тұста әр жерде салынған екі-үш бөлмелі жатаған үйлер болса, қазір елді мекенде ресми есеп бойынша 220 мың адам тұрады. 2006 жылғы оқиғадан екі жыл өткен соң «Алатау» атты аудан құрылды. «Заңсыз басып алынды» делінген жерлерді билік түгелге жуық заңдастырды. Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров:

- Алты жарым мыңға жуық үйді заңдастырдық. Әр үйден бес адамнан есептейтін болсақ, қырық-елу мың адам Алматы қаласының толыққанды тұрғыны болды. Оның сыртында бізде қазір 250-ден астам үй заңдаспай тұр. Оған себеп, жерлер болмай тұр. Екіншіден Алматы қаласында детальный планировка қайтадан жасалып жатыр Үйлері шешілмей тұрған адамдарды бұзамыз, сүреміз деген әңгіме жоқ.Тұрып жатқан азаматтарды түгел заңдастырамыз деп шешім қабылданған, - дейді.

Жараланған полицей Әсет Бейсенов жедел жәрдем көлігінде жатыр.

Жараланған полицей Әсет Бейсенов жедел жәрдем көлігінде жатыр.


Аудан құрылып, жаңа үйлер салынғанымен Шаңырақ оқиғасының жарасы әлі жазыла қойған жоқ. Өйткені, темір тордың ар жағында бостандықты аңсап төрт азамат отыр. Рүстем Тұяқовтың анасы Райхан Тұяқова:

- Халықтың барлық жағдайлары жасалды. Жақсы болды. Шаңырақ көркейді, өсті. Мектеп, аурухана салынды. 2006 жылы заңсыз дегеннің барлығы заңды болып шықты. Ал сонда кеткен менің баламның өмір жасы 10 жыл болды түрмеде өтіп жатыр. Мен елбасынан балам үшін кешірім сұраймын. Жас өмірі өтіп бара жатыр. Кешіріп, баламды рақымшылыққа іліндірсе екен, - дейді.

Аудан әкімінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, 2006 жылы заңсыз деп танылған 6500-ге жуық жер телімінен 250 жер телімі заңды құжат иеленбепті. «Бірақ алдағы уақытта олардың да мәселесі толық шешіледі» деп сендірді әкім. 14 жылға сотталған Рүстем Тұяқовтың жер телімі де әзірге әкім шешімін күтіп жатыр екен.

Нұртай Лаханұлы


Дереккөз: "Азаттық" сайты





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар