Шалақазақтар, біліп жүріңдер, нағызқазақтар біздің бауырларымыз емес

Dalanews 28 қаз. 2016 06:57 1165

Mұны жазбас бұрын, алдымен бұл кісіні аз-маз зерттедік. Жазушы екен. Нақтырақ айтқанда өзін жазушы санайды.

[caption id="attachment_21080" align="alignright" width="360"]64371_108444972551466_2944188_n Булат Тарнуев[/caption]

Иә, жазады. Жазғандарын оқыдық. Тағы да сол тиісу. Қазаққа. Бірақ, бұл жолғы тиісудің түрі бөлек екен. Таң қалдық.

Былай айтайық: «шалақазақ» «тазақазақтың» кемшілігін тізіп беріпті.

«Мемлекетті құрдымға кетіріп отырған тазақазақтар» дейді, бір сөзбен айтқанда.

Жазғанын әлеуметтік желіден таптық.  Жазбасын бір сөзбен жеткізсек, тым жеңіл құтылып кетеді. Толығырақ баяндайық. Өз аузымен айтсын. Артық-ауыз сөз қоспаймыз. Айтпақшы аты-жөні — Булат Тарнуев. Ол не дейді?

«Білесіз бе, орыстілді, қалада тұратын шалақазақтар тазақазақтардан әлдеқайда ақылды. Білген соң, көрген соң айтып отырмын. Қалалық жердегі қалталы кәсіпкердің бәрі шалақазақ. Бизнестегі байлардың арасында «нағызқазақтар» жоқ.

Олар қайда отыр? Билікте. Креслодан құйрығын көтергісі келмейді. Ауылдан шыққандар шетінен шенеунік. Мемлекеттік тілді меңгергені үшін ғана бұл «мәмбеттер» биліктен орын алды. Иә, солай. Мемлекеттік қызметкерлер қазақ тілін білуі керек деген заң бар ғой. Әттең…

Бұл заң болмаса, билікте сауатты, ақылды, дарынды, ұрлық жасамайтын шалақазақтар отырар еді. «Мәмбеттерді», барымташыларды мүлде маңайлатпас едік.

Білсеңіз,
Қазақстанның осыншалықты құлдырауына нағызқазақтар кінәлі. Елді осы жағдайға жеткізген нағызқазақтар.

Нағызқазақтың қандай болатынын айтып берейін бе? Айтайын. Ол жағынудан басқа ешнәрсе білмейді. Бастығының құлы болуға дайын. Мүмкіндік болса, пара береді, пара алады. Құдай қолдап көтеріле қалса, жұмыс орнына ауылдағы ағайын-туғанын тықпалайды.
Олар — туабітті жалқаулар. Олар паразиттер сияқты. Тез көбейеді.

Айтып отырмын ғой, Қазақстанды қазіргі күйге түсірген ақымақ әрі жалқау нағызқазақтар. Техникалық әрі ғылыми терминдерді түсінуге жол ашатын орыс тілін үйренбеуінің өзі олардың қаншалықты ақымақ екенін көрсетеді.

Біліп жүріңіз,
ақылды әрі дарындылардың бәрі — орыстілділер. Ал талапсыздар мен талантсыздардың барлығы — қазақтілділер.

Орыс тілі сұраныста. Ақылды, ойлы, өмір көшіне ілескен қазақтар мұны әлдеқашан түсінген. Түсінбей отырған әлгі мен айтып отырған топ.

Қазақ тілі ешкімге керегі жоқ. Ол шопанынан адасып қалған отар сияқты. Ауылдың айналасында ғана жүреді.

Қазақша білім алған балаларды қараңыз. Олар шетінен сауатсыз, мәдениетсіз, белсенділігі төмен, бастамасы аз. Қазақ мектебін бітіргендердің бірде-бірі Батыстағы үздік оқу орындарына түсуге тәуекел ете алмайды. Оларға Қазақстандағы Нигерияның деңгейіндегі колледжер мен университеттер жетіп жатыр.  Ал орысша оқыған қалалық жердің қазағы үздік оқу орнына түседі. Олар өз-өздеріне сенімді себебі.

Қазақтілді ақпарат құралдарын қараңыз? Қазақтілді қауым орыстілді сайттарды оқиды. Ақпаратты солардан алады. Ал қазақ сайттары ше? Оларға кім кіреді өзі?  Ешкім. Себебі талқылайтын түк жоқ. Сараптама, сауатты мақала таппайсың.
Иә, бірнәрсе жазады. Тіл баяғы. Нағызқазақтардың талқыға салатын жалғыз тақырыбы осы.

Айтпақшы, Шыңғысханды қазақ қылуға жанталасып жүр. Түк жоқ айналып келгенде. Оқитын түк жоқ.

Соған қарамай бізге тиіседі.
Ешкімге керек емес тілін үйретуге тырысады. Жоқ, шын айтам, ешкімге керек емес. Бизнеске де, қаржыға да, экономикаға да, өнерге де, тіпті мәдениетке де керегі шамалы. Қазақ тілі 19 ғасырда өмір сүрген, бірақ 21 ғасырда оған орын жоқ.

Олар орыстілділерді қызғанады. Олардың талабы мен талантын көре алмайды. Шалақазақтар, біліп жүріңдер, нағызқазақтар біздің бауырларымыз емес».

P.S. Бұл — жазбаны барынша жұмсартып аударғанымыз. Барынша жұмсартып. Автор арандатып отырған жоқ. Аузына келген айтатын адамға ұқсамайды. Жылдар бойы ішінде жатқан ашу-ызаның ақтарылған түрі деп болжадық. Неге ашулы? Қазақ мектебі, қазақ аудиториясы, қазақша сөйлейтін орта өсіп, үлкейіп келеді. Ал оған қарама-қарсы кеңістік тарылу үстінде. Ашу-ызаның себебі де осында шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар