Шетелдік жүргізушілерге 28 миллион теңге айыппұл салынды

Шетелдік жүргізушілерге 28 миллион теңге айыппұл салынды
gov.kz

Жетісу облысы прокуратурасының бастамасымен Қазақстан аумағында жол қозғалысы ережесін бұзған шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартудың жаңа тетігі енгізілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін шетелдік көліктердің иелерін анықтап, оларға айыппұл туралы нұсқау беру қиын болатын. Соның салдарынан көптеген жүргізуші жауапкершіліктен жалтарып, ел аумағынан шығып кетіп жүрген.

Осы мәселені шешу үшін облыс прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпарат алмасу жүйесін жолға қойып, өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібін енгізген.

Енді жол ережесін бұзу дерегі тіркелгеннен кейін көлік иесі анықталып, оған айыппұл туралы нұсқау рәсімделеді. Ал жүргізуші Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан қайта өткен кезде бұл құжат өзіне табысталады. Айыппұл төленбесе, полиция қызметкерлері оны өндіріп алу шараларын қабылдайды.

Жаңа тетік іске қосылғалы бері шетелдік нөмірлі 400-ден аса көлік иесі жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 миллион теңгеге жетті. Қазірге дейін 33 көлік иесінен 1 миллион теңгеден аса айыппұл өндірілген.