1980 жылғы Мәскеуде өткен жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, қазақстандық боксшы, экс-депутат Серік Қонақбаев өз атына Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында холдингтік компанияны тіркеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ақпаратпен Finmentor Telegram арнасының авторы Арман Батаев бөлісті.
"Forbes Kazakhstan тізіміне жаңадан енген Серік Қонақбаев АХҚО-да тіркеліп, KazCore Energy Ltd. компаниясының құрылтайшысы атанды. Оның құрылтайшылары арасында Серік Қонақбаевқа тиесілі Triple A Holding Ltd. компаниясының да аты аталады. Екі компанияның да негізгі қызмет саласы – холдингтік қызмет. Сондай-ақ екеуін де Серік Қонақбаевтың ұлы, кәсіпкер Аманат Қонақбаев басқарады. Forbes мәліметтері бойынша, Серік Қонақбаев "K-Global Invest" ЖШС арқылы "SSM Oil" ЖШС-ның 60 % үлесіне ие әрі акционері. Бұл компания Қызылорда облысында көмірсутекті шикізат минералдарын барлау және өндірумен айналысады. Бұл бағыттағы жобалар қолданысқа енгізу кезеңінде болып табылады. Сондай-ақ Қонақбаевтың Маңғыстау облысындағы Шалва кен орнында барлау және өндіріс жұмыстарын жүргізу бойынша 2023 жылы келісімшартқа қол жеткізген "ARK Petroleum" ЖШС-да да үлесі бар", делінген жазбада.
Бұған дейін кәсіпкер Тимур Турлов Грузияның банк нарығына бет бұрып, осы елде Фридом Банк Қазақстанның "еншілесін" ашпақ ниетте екенін жазғанбыз.