“Сенім ұзаққа созылмайды”. Белгілі журналист қазақстандық телевизияның әлсіреу себептерін түсіндірді

Қаракөз Амантай 09 қаң. 2026 09:49

Президент кезекті сұхбатында әлеуметтік желілерді сынға алды. Алайда мәселенің түп-төркіні тереңде жатыр. Белгілі журналист әрі медиаменеджер Ерлан Бекхожин қазақстандық телевизияның неге ықпалынан айырылғанын және көрерменді қалай қайта тартуға болатынын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz Exclusive.kz-ке сілтеме жасап.

Ерлан Бекхожиннің пікірінше, теледидар – іріткі тудыратын әлеуметтік желілерге қарсы тұра алатын ең пәрменді құрал.

"Алайда Қазақстанда бұл мүмкіндік толық іске аспай отыр. АҚШ пен Ресейде телевизия қоғамдық пікірді қалыптастыратын қуатты институт ретінде жұмыс істесе, қазақстандық көрермен отандық арналардың бақылауда екенін, өткір әрі өзекті мәселелерді ашық көтере алмайтынын анық сезеді. Нәтижесінде аудитория сайттар мен әлеуметтік желілерге ауысып, пайда болған ақпараттық вакуумды қауесет, эмоция, алып-қашпа әңгімелер толтырады. Ал ресми телевизия жауапты органдардан рұқсат күтіп отырғанда, әлеуметтік желілер билікке тиімсіз қоғамдық пікірді қалыптастырып үлгереді", - дейді ол.

Медиаменеджердің айтуынша, мемлекеттік телевизияда блогерлерде жоқ ресурстар жеткілікті. Кәсіби редакциялар, тәжірибелі журналистер, аймақтық тілшілер желісі, терең талдау жасауға мүмкіндік бар.

"АҚШ пен Ресейдің ірі телеарналары осы артықшылықты барынша пайдаланып, қоғамдық дискуссияға жылдам әрі тиімді ықпал етіп отыр", - деді ол.

Сонымен қатар ол бір маңызды парадоксты атап өтті.

"Төтенше жағдай кезінде халық бәрібір мемлекеттік телевизияға жүгінеді. Себебі дәл осы арналар арқылы жауапты тұлғалардан алынған расталған ақпарат таратылады. Алайда бұл сенім ұзаққа созылмайды. Қалыпты өмірге оралған сәтте көрермен телевизиядан қайта алшақтайды. Бұл жағдай телевизияға еркіндік беру мемлекетті әлсіретпейтінін, керісінше оның әлеуетін ашып, бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын көрсетеді. Ал өзін-өзі шектеу жалғаса берсе, ақпараттық кеңістікте еркін сөйлейтіндер үстемдік ала береді", - деп қосты ол.

Ерлан Бекхожин бұған дейін "Хабар" арнасында өзі жетекшілік еткен команда өңірлік проблемаларды көтерген "Әкімдер" бағдарламасын іске қосқанын еске алды.

"Бұл жоба қазақстандық көрерменнің ғана емес, елдегі халықаралық ұйым өкілдерінің де оң бағасын алған. Бағдарлама барысында журналист Асхат Ниязовқа тікелей тыйым салынбаған, тек шектен тыс хайпқа ұмтылған сәттерде редакциялық деңгейде ескерту жасалып отырды", - деді ол.

Бағдарлама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауындағы "әкімдер халықпен ашық диалог жүргізуі тиіс" деген ұстанымына нақты жауап болды. "Әкімдер" жобасы көптеген шенеунікті халықпен бетпе-бет келіп, сұраққа жауап беруге мәжбүрледі. Тіпті түрлі деңгейдегі әкімдер арасында түсірілім тобы кенеттен келген жағдайда қандай сұрақ қойылатынын талқылайтын арнайы чат та болған.

"Бағдарламаның ықпалды болуының басты себебі – мемлекеттік арнада айтылған әрбір сөз үшін жеке жауапкершіліктің болуы. Ал әлеуметтік желілерде, керісінше, жауапсыздық пен бақылаусыздық белең алған. "Ит үреді, керуен көшеді" қағидасы үстем", - деді ол.

Ерлан Бекхожиннің ойынша, мұндай ахуалға қарсы тұрудың ең тиімді жолы – сапалы, терең мазмұнды кино мен контент өндіру. Себебі кино кең аудиторияны қамтып, қоғамдық сананы қалыптастыра алады. Алайда бүгінгі көрермен төмен деңгейдегі коммерциялық өнімге үйреніп алған. Ал қоғамды әдейі қарабайырландыру жалғаса берсе, мұндай ортада сау экономика да, жасампаз көзқарас та қалыптаспайды. Ондай қоғамда адамдар құрудан гөрі қиратып, күйретуге бейім болады.

Ал "Әкімдер" бағдарламасының жабылуына қатысты ол жобаның өзі "Хабардан" кеткеннен кейін, яғни 2022 жылы эфирден алынғанын айтады. Бұған дейін де жобаға қысым болғанымен, сол кезеңде Президент әкімшілігін басқарған Ерлан Қошанов бағдарламаның маңызын түсініп, қолдау көрсеткен. Алайда кейін бұл қолдау тоқтап, жоба эфирден алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар