Freedom Inside '26

Қазақстан бидай импортын алты айға шектеуді жоспарлап отыр

Қазақстан бидай импортын алты айға шектеуді жоспарлап отыр
energyprom.kz

Қазақстанда бидай импортын уақытша тоқтату ұсынылды. Ауыл шаруашылығы министрінің тиісті бұйрығы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес бидайды автомобиль, су және теміржол көлігі арқылы ел аумағына әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу көзделген. Шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге де, басқа елдерге де қатысты болмақ.

Сонымен қатар, бірқатар ерекшелік қарастырылған. Теміржол арқылы құс фабрикаларына, ұн тарту кәсіпорындарына, лицензияланған элеваторларға және "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясына жеткізілетін бидайға тыйым қолданылмайды.

Алайда құс шаруашылығы мен ұн өндіру кәсіпорындары үшін импортталған бидайды ішкі немесе сыртқы нарықта қайта сатуға рұқсат етілмейді.

Құжатты әзірлеушілердің мәліметінше, шектеу Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдарға, сондай-ақ, ЕАЭО елдері арасындағы жүк тасымалына әсер етпейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл шара отандық өндірушілерді қолдауға бағытталғанын атап өтті.