Freedom Inside '26

Азат Перуашев: «Құрылтай құрамына енбесем де, ештеңе өзгермейді»

Азат Перуашев: «Құрылтай құрамына енбесем де, ештеңе өзгермейді»
Ашық дереккөз.

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының бұрынғы төрағасы Азат Перуашев Құрылтай құрамына енбей қалса да, оны мәселе деп санамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, саясаттағы негізгі мақсаттарының басым бөлігін жүзеге асырып үлгерген.

«Мен төрт рет депутат болдым. Үкімет алдында көтергім келген көптеген мәселелерді жүзеге асырдым. Саясаткер ретінде өзімді айтарлықтай деңгейде іске асырдым деп есептеймін. Егер әріптестерім тәжірибем мен көзқарасым әлі де қажет деп санаса, оны талқылауға дайынмын. Бірақ Құрылтай құрамына енбей қалсам да, ешқандай проблема жоқ», – деді Перуашев Мәжіліс кулуарында.

Депутат партиядағы жас әрі тәжірибелі кадрларға мүмкіндік беру қажет екенін атап өтті.

«Партияда менен бұрыннан келе жатқан, бірақ әлі күнге дейін Парламент депутаты болмаған азаматтар көп», – деді ол.

Журналистердің «Ақ жол» партиясы төрағалығынан кету себептері туралы сұрағына жауап берген Перуашев бұл шешімге эмоция емес, алдын ала жоспарланған өзгерістер әсер еткенін айтты.

«Шынымды айтсам, Дания Еспаеваны осы қызметке қаңтар айынан бастап дайындадық», – деді мәжілісмен.