2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары жан басына шаққандағы су тұтыну көлемін өткен жылмен салыстырғанда азайтқан. Бұл ретте аталған қалаларда халық санының өсуі жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Астанада бір адамның орташа жылдық су тұтынуы 70,9 текше метрден 67,8 текше метрге дейін төмендеген. Алматыда бұл көрсеткіш 73,3 текше метрден 69,1 текше метрге қысқарса, Шымкентте 63,7 текше метрден 62,5 текше метрге азайған.
Министрлік мұны халық арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі деп бағалап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, су ресурстарын ұқыпты пайдалануға арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы қазірдің өзінде 3,3 миллионнан астам мектеп оқушысын, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерін қамтыған.
Министрлік өкілдері су үнемдеу мәдениетін дамыту елдегі су ресурстарын тиімді пайдалануға және болашақтағы су тапшылығының алдын алуға ықпал ететінін атап өтті.