Депутаттар ҚазҰУ басшылығы, оқытушы және студенттермен кездесу аясында әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар мен Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асырудың мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, университеттің ғылыми-инновациялық қызметімен танысты, және жағдаяттық басқарма мен «Жасыл технологиялар» орталығында болды.
«ҚазҰУклассикалық университеттен әлемдік деңгейдегі зерттеу университетінеайналып, халықаралық рейтингте белсенділік танытып келеді. Бұл университет ұжымының әлемдегі ең үздік 200 ЖОО тізіміне ену туралы Елбасы қойған міндеттерді орындауға деген сенімін арттырады. Биылғы жылы университетке 10 мыңнан аса талапкет түсті. Оның ішінде 6,6 мыңы білім грантын иеленген Қазақстан мектептерінің үздік түлектері. Бұл рекордтық көрсеткіш университетке деген жоғары сенім мен оның танымалдылығын растайды», - деді Сенат депутаты Динар Нөкетаева.
ҚазҰУ ректоры академик Ғалым Мұтанов депутаттарды «Жасыл технологиялар» орталығында болашақ энергетика саласындағы ғалымдар мен студенттердің жетістіктерімен таныстырды. Мұнда ЭКСПО-2017 мұрасын дамыту бойынша энергия алудың баламалы инновациялық технологиялары: жел, күн, гидро мен геотермалдық, биогаз және басқа да сутектік энергетиканы қолдану арқылы жасалатын жобалар жүзеге асырылады. Орталықта оқудан басқа, студенттер мен жас ғалымдар ғылыми зерттеулер жүргізіп мол тәжірибе жинақтайды.
ҚР Парламенті сенатының депутаттарына ҚазҰУ-дың IT-технологиялар саласындағы және кампустың сандық инфрақұрылымын құру жобалары ұсынылды. Жағдаяттық басқару орталығында университет қызметінің барлық бағыттарын қамтитын университетті бақылаудың ақпараттық-сараптамалық жүйесінің мүмкіндіктері көрсетілді. Сондай-ақ олар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде университет енгізген жатақханадағы орындарды онлайн тарату жүйесімен де танысты.
ҚазҰУ-ға іссапары аясында халық қалаулылары «Сандық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда білім беру үрдісіне IT-технологияларды енгізу, жасыл технологиялар мен баламалы энергетика саласындағы инновациялық қызметті дамыту, кәсіп пен ғылым арасындағы қауымдастық, ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыру бойынша жоғары білікті мамандарды даярлау мәселелерін талқыланды.