Сенат бейсенбіде өткен пленарлық отырысында қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғау, байланыс саласын реттеуші заң жобасын екі оқылымда қарап, өз түзетулерін енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заң жобасы бірқатар маңызды бағытты қамтып отыр. Ең алдымен, құжатта азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеуге тосқауыл қою көзделген. Сенатор Сергей Карплюктың айтуынша, алғаш рет атына несие рәсімдеуші азаматтар банкке немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өзі келуі тиіс. Бұл талап орындалмаса, мұндай несиелер сотқа жеткізбей-ақ бірден есептен шығаруға жатады.
Сонымен қатар, тұтынушылық, кепілсіз онлайн-несие рәсімдеуде 24 сағаттық "суыту кезеңі" енгізіледі. Бұл азаматтарға несие алмас бұрын қайта ойланып, өз шешімдерін тағы бір рет бағалауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, 21 жастан кіші және 55 жастан асқан азаматтар кепілсіз тұтынушылық несие алуы үшін электронды үкімет порталы арқылы арнайы келісім алуға міндеттеледі. Сондай-ақ, мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздарға несие мен микроқарыз беруге тыйым салынады (!).
Заң жобасында алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді банктер мен қаржы ұйымдарының есебінен есептен шығарудың жаңа негіздері кеңейтілген. Сондай-ақ, банктерге күмәнді операцияларды анықтаған жағдайда клиенттің шотындағы төлемдер мен ақша аударымдарын 5 жұмыс күніне дейін тоқтатып, клиентке қызмет көрсетуді шектеуге құзырет беріледі. Бұл ретте, банктер мен мобильдік операторлар Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен тікелей байланыс орнатып, күдікті операциялар бойынша ақпарат алмасып отырады.
Байланыс саласына да елеулі өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, SIM-карталарды биометриялық тексеруден өтпеген азаматтарға сатуға тыйым салынады. Бір адамға тіркелетін SIM-картаның саны 10-нан аспауы тиіс. Сонымен бірге, абоненттік нөмірді басқа біреудің атына рәсімдеуге рұқсат етілмейді.
Заң жобасында азаматтардың соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдететін нормалар қарастырылған. Мысалы, несие бюроларына енгізілмеген міндеттемелер автоматты түрде есептен шығарылады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жобасы Қазақстанда шетелдік банктердің филиалын ашу тәртібін жеңілдетуге бағытталған. Бұған дейін елімізде шетелдік банктің филиалын ашу үшін негізгі компанияның активі кем дегенде 20 млрд доллар болуы тиіс еді. Алайда бес жыл ішінде бұл талаптың кесірінен бір де бір шетелдік банк Қазақстанға келмеген. Енді бұл талап 10 млрд долларға дейін төмендетілді. Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, бұл қадам елімізге шетелдік банктердің кіруін тездетуге ықпал етеді.
Шетелдік банктердің филиалдарына валюталық ақша айырбас операциясы, кастодиандық қызмет, трансфер-агенттік қызмет көрсету, синдикатталған қаржыландыруға қатысу және төлем карталарын шығару сияқты жаңа қызмет түрлерін ұсынуға рұқсат беріледі. Сонымен қатар, банк директорлар кеңесінің мүшелерінен басқарушылық тәжірибе талап етілмейді, ал банк жетекшілігіне микронесие ұйымдарындағы еңбек өтілі де ескеріледі.
Құжатта сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын дамыту бағытында да маңызды қадамдар қарастырылған. Сақтандыру компаниялары IT саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Олар енді сақтандыру қызметін автоматтандыру үшін қажетті бағдарламалық өнімдерді өздері әзірлеп, еншілес IT-компаниялар құра алады.
Әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың қаржы қызметіне қолжетімділігі де кеңейтіледі. Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға жататын адамдардың несие қарыздарын реттеу кезінде қосымша қорғаныс шаралары енгізіледі. Сондай-ақ, банктік несиелер бойынша бірқатар айыппұлдар алынып тасталып, несие келісімшарттары бойынша алынатын комиссиялардың шекті мөлшеріне шектеу қойылады.
Тағы бір маңызды жаңалық – "Отбасы банкіне" мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында білім беру несиелерін беруге құқық беріледі.
Бұған дейін 2024 жылдың шілдесінде БАӘ-нің Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) банкі Қазақстандағы еншілес ұйымы – Al Hilal Ислам Банкін сатып алуға және банктік холдинг мәртебесін алуға рұқсат алған болатын.
Құжатқа енгізілген осы өзгерістер Мәжілісте қайта қаралады. Сенат енгізген ұсыныстар мен толықтырулар еліміздегі қаржы нарығының тиімділігі мен азаматтардың қаржы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.