Жетімдер жылдар бойы баспана күтуде: сенатор Үкіметке қатаң сауал жолдады

Самал Асқар 23 сәу. 2026 11:45

Сенат отырысында жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Dala News.

Депутат Андрей Лукин Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, елдегі жағдайдың күрделі екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда тұрғын үй алу кезегінде шамамен 61 мың жетім бала тұр, оның ішінде 43 мыңнан астамы кәмелет жасына жеткен. Соған қарамастан, жақын арада бұл кезектің қысқаруы болжанбайды. Ең көп мұқтаждар Алматы облысында – 7 200 адам, Шығыс Қазақстанда – 6 400, Қарағандыда – 5 900, Қостанайда – 5 700, Ақтөбеде – 3 000 адам. Осындай жағдай басқа өңірлерде де бар», – деді депутат.

Оның айтуынша, тұрғын үй бөлу кезінде жүйелі бұзушылықтар бар.

«Соңғы жылдардағы талдау белгіленген нормалардан айтарлықтай ауытқулар бар екенін көрсетеді. Қазақстанда жетім балаларға берілген шамамен 60 мың тұрғын үйдің ішінде небәрі 7 мыңға жуығы ғана бөлінген. Бұл жоспарланған көлемнің 11,8%-ын ғана құрайды. Сонымен қатар кәмелетке толған балалар үйінің түлектері кезекте бұрын тіркелген кәмелетке толмағандардың болуына байланысты баспана ала алмай отыр. Мұндайлардың саны шамамен 17 300 адам», – деді ол.

Сенатор кәмелетке толмаған жетімдердің де құқықтарын толық пайдалана алмай отырғанын айтты.

«Кәмелетке толмағандар баспана алу құқығын тек 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалана алады, сол уақытқа дейін мекемелерде тұруға мәжбүр. Соның салдарынан тұрғын үйлер басқа санаттағы азаматтарға қайта бөлінеді, ал жетімдердің басымдығы ескерілмейді», – деді Лукин.

Ол сондай-ақ өңірлерде заң бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

«Бірқатар өңірлерде жетімдерге арналған пәтерлерде бөтен адамдардың заңсыз тұру деректері тіркелген. Сонымен қатар ақпараттық жүйелерді көшіру кезінде деректердің жоғалуы сияқты фактілер де бар», – деді депутат.

Лукиннің сөзінше, бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылаудың әлсіздігін және лауазымды тұлғалардың формалды көзқарасын көрсетеді.

Осыған байланысты депутат кешенді жол картасын әзірлеуді, кәмелетке толған жетімдерге басым құқық беруді, мемлекеттік дерекқорларды біріктіруді, бақылауды күшейтуді және шенеуніктердің жеке жауапкершілігін енгізуді ұсынды. Сонымен қатар тұрғын үйді бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove