Жоба өңірлерде шахмат спортын дамыту мақсатында қолға алынған. Семей – осыған дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Павлодарды аралап шыққан керуен жолындағы алтыншы қала.
Таңертең сағат 10.00-де әкімдік алдындағы орталық алаңда керуеннің келуіне арналған салтанатты шара болды.
– Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Біз алғашқылардың бірі боп Ұлы Жібек жолын жалғастырдық. 14 мың шақырымдай сапар шегіп, әр облыс орталығын аралаймыз.
Шахматтан жеткен жетістіктеріміз халықаралық аренада үлкен танымалдылыққа ие боп келе жатыр. Енді аймақтардың қолдауын сезінгіміз келеді.
Ұлттың зияткерлік әлеуетін дамыту үдерісіне тек шахматшылар ғана емес, барша жұртшылық, кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік өкілдері атсалысса екен дейміз. Шахмат қарапайым спорт түрі ғана емес. Мысалы, оны мектепте оқыту арқылы біз балаларымыздың дамуына қосымша серпін береміз, – деді салтанатты шарада Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Керуеннің келуі аясында Абай облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды. Оның төрағасы болып Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов тағайындалды.
Алаңда құрылған мобильді киіз үйде шахмат турнирі мен гроссмейстермен бір реттік ойын сеансы болды. Төрешілердің шешімімен I орынды Арлан Абузуаров иеленсе, II орын Фархад Мансұровқа, III орын Ақылбек Жақсылыққа бұйырды. Үш жеңімпаз да Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алды.
– Мен бес жасымнан бері шахмат ойнаймын. Оны маған атам үйреткен. Шахмат күнделікті өмірде тез шешім қабылдауға және бәрін ертерек болжап отыруға көмектеседі. Енді алда болатын финалға жақсылап дайындалып, облысымыздың намысын қорғағым келеді, – дейді турнир жеңімпазы Арлан Абузуаров.