Freedom Inside '26

Семейде атышулы құрылыс ісі бойынша компания басшылары сотталды

Семейде атышулы құрылыс ісі бойынша компания басшылары сотталды
ЖИ: Dalanews

Семейде құрылыс компаниясы басшыларына қатысты резонансты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

2026 жылғы 12 маусымда Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Dala-SK» құрылыс компаниялары тобының жетекшілеріне қатысты үкім шығарды.

Сотта Ж. мен Н. 2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы желтоқсанға дейін Өскемен қаласында үлестік құрылысқа қатысушылардан заңсыз түрде 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы тартқаны анықталды.

Сот мәліметінше, дәл осындай схема Семейде де жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Ж. мен Р. 2023 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін үлескерлерден тағы 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.

Бұдан бөлек, Ж. мен Р. салынып жатқан «Irtysh Riverside» тұрғын үй кешенінен пәтер брондау туралы келісімдерді 13 азаматпен жасаған. Осы эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 193 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта бұл шығын толық өтелген.

Сот талқылауы барысында айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың жауаптарымен, мамандардың қорытындыларымен және іс материалдарымен дәлелденген.

Ал сотталушылар өз кінәларын мойындамай, өздерін ақтауды немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

Нәтижесінде сот Ж.-ны кінәлі деп танып, оны 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ оған 10 жыл бойы құрылыс саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 5 жыл 4 айға дейін қысқартылды.

М. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған да құрылыс саласында 10 жыл жұмыс істеуге тыйым салынды. Рақымшылықтан кейін оның жаза мерзімі 4 жылға қысқарды.

Ал Н. Өскемендегі эпизод бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Аталған эпизод бойынша материалдық шығын мен азаматтық талаптардың болмауына байланысты Н. рақымшылық актісі негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайлар ескерілген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Үкімдер әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сонымен қатар сот жәбірленушілердің 11 талап-арызын қанағаттандырып, Ж. мен Р.-дан 149 миллион теңгеден астам қаражат өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Жәбірленушілердің талаптарын орындауды қамтамасыз ету мақсатында мүлікке салынған тыйымдар мен өзге де шектеулер күшінде қалдырылды.