[caption id="attachment_9285" align="alignleft" width="205"] Жандос ТЕМІРҒАЛИ, экономист-сарапшы[/caption]
Жалпы кезектен тыс сайлаудың өткізілу мақсатын қазіргі жағдайды барынша бақылап отырған азаматтар жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Және бұл туралы ашық айтылып отыр. Алда ауыр кезең. Бұл кезеңде экономикаға да, саясатқа да үлкен салмақ түседі. Мәселе бұған біз дайынбыз ба? Мемлекет елді ширек ғасырға жуық үздіксіз басқарып келе жатқан жетекшісінің мандатын тағы 5 жылға, яғни, 2020 жылға дейін созғалы отыр. Дәл қазір оның қандай екенін айтпай-ақ қоялық, бастысы Қазақстандағы саяси жүйе тұрақты. Бұған сыншы сырт көзде, ел тұрғындары да куә. Бірақ...ресми сайлаудың уақыты биыл емес, келер жылға бекітілген болатын. Демек, дәл қазіргі (құбылмалы) жағдайда бізге келер жылға дейін күтетін уақыт та, мүмкіндік те жоқ деген сөз.
Әрине, бұған бірінші кезекте Украинадағы жағдай, Ресейге бағытталған санкциялар, Таяу Шығыстағы толастар түрі жоқ қарулы қақтығыстар, жалпы алғанда жаһандық тәртіптің бұзылуы әсер еткені анық. Иә, девальвацияны да ұмытуға болмайды. Одан қаша алмаймыз. Оның есік қағып тұрғанын білеміз. Кезектен тыс сайлау...Әлбетте, мұның басқа да себептері болуы мүмкін. Бір қызығы «әлемдік экономикалық дағдарыс» туралы айтушылардың сөзі іс жүзінде дәлелденбей отыр. АҚШ пен Қытай бірімен-бірі жарысып, қарқынды дамып барады. Ендеше жаһандық дағдарыс туралы әңгімеге де негіз жоқ. Түсініксіз тұс: біз Ресейді тұтас әлем деп қабылдайтын сияқтымыз. Әлі де сол, бұдан 25 жыл бұрынғы қарабайыр қалып, тар шеңбер. Иә, Ресей экономикасы құлдырауда. Бірақ, Еуразиялық одақтың мүшесі ретінде мұның салдарын Қазақстан да сезетін болады, сезіп те жатыр. Сайып келгенде, біздің қазіргі жағдайымыз «екі түйенің ортасында шыбын өледіге» ұқсас.
Эколог, коммунист, жалған-оппозиционер, әйтеуір қатысушылардың санын көбейту үшін жолдан қосылғандар...Қолайлы кандидат дейді мұндайларды.
Сайлау дейсіз бе? Бұл жолғы сайлауда да Назарбаев өзінен әлдеқайда әлсіз кандидаттарға қарсы «күресері» анық. Соңғы жылдардағы сайлауда пәлсініп президент боламыз деген Назарбаевтың қарсыластары әншейін ойыншық, анығырақ айтқанда ақшасы төленген әртістер екенін бәріміз білеміз. Ал мұндай жағдайда спектальдің қалай аяқталары белгілі ғой. Ұлт Көшбасшысы сайлауда әлгілерді тас-талқан қылып ұтқанда таңғалмайтыныз содан. Қазір де оның жеңіске жетеріне күмән жоқ. Бұлай ойлаудың өзі күлкілі. Мәселе оның қанша пайыз дауыс жинарында жатыр. Бұдан бұрынғы сайлауда Number One халықтың 95,55 пайыз даусын жинаған (2005 жылы 91,15 пайыз, 1999 жылы 81 пайыз). Бұл жолы да бұдан төмендемейді. Сондықтан Орталық сайлау комитетіне ауыр міндет жүктелгелі отыр. Бірақ, таңдау көп емес: шамамен 96 немесе 98 пайыздың арылығы. Бұдан асса сенімсіз, түссе тағы сөз болады.
Бұл жолы да Назарбаевпен иық тірестіре алатын бәсекелес жоқ. Ал актер мен сайқымазақты халық өзі-ақ ажыратып алады. Эколог, коммунист, жалған-оппозиционер, әйтеуір қатысушылардың санын көбейту үшін жолдан қосылғандар...Қолайлы кандидат дейді мұндайларды. Кім білген, өмірдің тосын сыйы көп қой. Бұларға қарағанда сөзі салмақты, ойы орнықты біреу төбе көрсетіп қалар деген дәмеміз бар. Әй, қайдам...
Әйткенмен бұл жолы біздің оппозция бірауыздан осы сайлауға қатысатын ортақ кандидат шығарса ұтылмас еді, ұпай жинар еді. Айталық, қазақстандық саясаттағы жаңа адам, бірақ абыройы, бет-беделі бар. Алдағы сайлау жасы 40-50 келген «қарасақалдар» үшін өзін бір жағынан жарнамалауға мүмкіндік алатын және тәуір тәжірибе жинайтын таптырмас жол. Жалпы қазіргі орта буынның белді өкілдеріне белсенді әрекет ететін кез-келген сияқты. Олар Назарбаевтың бірден-бір бәсекелесіне айналып жатса таңқалмаңыз. Ал мұндай қарсыластардың көзден бұлбұл ұшқаны қашааан...Соңғы рет 1999 жылғы сайлауда Серікболсын Әбділдин 12 пайыз жинапты. Содан бері «достойный конкурент» көрген де, кездестірген де жоқпыз.
Президенттік болсын, парламенттік болсын сайлауға түрлі саяси және идеологиялық көзқарастағы қазақстандықтардың қатысуы, тиісінше олардың билік құрылымынан орын алуы кейбір топтардың маргиналдануына жол бермей саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
2015 жылғы саяси науқан сайлаудан басталды. Бұл қазақстандық саясат сахнасындағы өзгерістерге себепші бола ма, жоқ па? Күтелік. Жыл енді басталды ғой. Әйткенмен бір жайт анық. Президенттік болсын, парламенттік болсын сайлауға түрлі саяси және идеологиялық көзқарастағы қазақстандықтардың қатысуы, тиісінше олардың билік құрылымынан орын алуы кейбір топтардың маргиналдануына жол бермей саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл барлық тарапқа, сәйкесінше қазіргі билікке де тиімді.