АҚШ Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас ауданына жаңа әуе соққысын жасады. Бұл туралы NBC News телеарнасы АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының өкілі Тим Хокинске сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әскери ведомство мәліметінше, операция «қорғаныс мақсатында» жүргізілген. Нысана ретінде зымыран қондырғылары мен миналар орналастыруға әрекеттенген ирандық катерлер таңдалған. Соққы Ормуз бұғазы маңындағы Бендер-Аббас ауданында жасалған.
Сонымен қатар АҚШ пен Иран арасында 8 сәуірден бері күшінде тұрған уақытша бітім режимі өзгеріссіз сақталып отырғаны айтылды. Тим Хокинстің сөзінше, АҚШ Орталық қолбасшылығы атысты тоқтату режимі жағдайында ұстамдылық танытып, америкалық күштердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр.
Ирандық ақпарат құралдары Бендер-Аббас пен Ормуз бұғазы жағалауында жарылыстар болғанын хабарлады. Mehr агенттігінің мәліметінше, қаладағы жағдай бақылауда және тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.