Саясаттанушы Ербол Еділов Президент командасындағы негізгі "ойыншылардың" саяси портретін жасауға жең түре кірісіп кетті. Ол алғашқы кейіпкері ретінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді таңдапты. Автор Нұртілеудің өмір жолы мен саяси қызметін егжей-тегжейлі баяндаған. Өзі де мазмұнды әрі ұзын-сонар екен. Сондықтан біз соның ішіндегі ең маңызды әрі қызықты тұстарын ғана іріктеп ұсынуды жөн көріп отырмыз, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еділов министрдің жасы мен тәжірибесіне ерекше мән береді:
"Оның жасы – 49-да, бұл мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар саясаткер үшін ең перспективалы кезең", – дейді сарапшы.
Саясаттанушы Нұртілеудің халықаралық аренадағы беделі мен жұмыс стиліне де жеке-дара тоқталған:
"Мұрат Әбуғалиұлы, ашығын айтсақ, Сергей Лавровпен де, Марко Рубиомен де еркін әрі тең дәрежеде сөйлесе алады. Ол Қазақстанның мүддесін ШЫҰ-да да, ҰҚШҰ-да да, Түркі әлемінің мәселелерінде де бірдей табандылықпен қорғай алады", – деп жазады Еділов.
Соңғы бір жылда министрдің сыртқы саясаттағы белсенділігі айрықша көзге түскен:
"Нұртілеу бір жылдың ішінде 23 шетелдік сапарға шыққан. Бұдан бөлек, 24 елдің басшыларымен және сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткізді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейде түрлі протоколдық немесе басқа себептерге байланысты өзі қатыса алмайтын кездесулерді оған сеніп тапсыра алады. Мәселен, жақында ғана Мұрат Нұртілеу Қазақстан атынан Бразилияда өткен БРИКС саммитіне қатысты. Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысымен, БҰҰ Бас хатшысымен де кездесті, ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ның бірқатар шараларына белсенді араласты", – дейді саясаттанушы.
Сонымен қатар, сарапшы Нұртілеудің жұмысын дұрыстап көрсетуге келгенде олқылықтар барын өкінішпен атап көрсетеді:
"Қазақстандық БАҚ неге екенін білмеймін, Мұрат Нұртілеудің атқарған істеріне аса қызығушылық таныта бермейді, тек ерекше жағдайларда ғана есіне алады. Шын мәнінде, әрбір кездесу, әрбір келіссөз – оның күнделікті еңбегінің көрінісі. Бұл сыртқы істер министрлігі мен тұтас Үкіметтің үздіксіз атқарылып жатқан жұмысы екенін дұрыстап түсінуіміз керек", – деп жазады автор.
Саясаттанушы жазба былайша түйінделеді:
"Мұрат Нұртілеу әлі 50-ге де толмаған. Демек, оның саяи қайраткер әрі мемлекеттік қызметкер ретіндегі алар негізгі асулары әлі алда".